Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Қазақстан аумағында заңсыз жұмыс істеген ірі «Nomad Poker» онлайн-казиносының қызметін тоқтатты. Оның қызметінде 60-тан астам дроп-шот пайдаланылған. Ойыншылардан түскен қаражаттың жалпы көлемі 7,5 млрд теңгеден асқан, деп жазады Qazaqstan Media.
Тергеу мәліметінше, «Nomad Poker» платформасы «Club GG Poker» мобильді қосымшасы негізінде жұмыс істеген. Онлайн-казиноны Қазақстан азаматтары Грузия аумағынан басқарып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. Ол тәулік бойы жұмыс істеп, қатысушыларға ақшаға покер ойнап, ұтысты қолма-қол ақшаға айналдыруға жағдай жасаған.
Тергеу барысында ұйымдастырушылар әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен жарнамалық ресурстар арқылы 20 мыңнан астам пайдаланушыны заңсыз ойынға тартқаны анықталды. Сонымен қатар олар үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк шоттарын пайдаланатын арнайы қаржылық жүйе құрған.
Осы мақсатта күдіктілер шетел азаматтарының Қазақстанға ұйымдасқан түрде келуін қамтамасыз етіп, олардың атына 400 АҚШ долларына дейінгі сыйақыға банк карталары мен мобильді банкинг қызметтерін рәсімдеген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, заңсыз онлайн-казиноның қызметінде 60-тан астам дроп-шот пайдаланылған. Ойыншылардан түскен қаражаттың жалпы көлемі 7,5 млрд теңгеден асқан.
Сот санкциясымен Алматы қаласындағы пәтерге, үш автокөлікке және дропперлердің банк шоттарындағы 158 млн теңге көлеміндегі қаражатқа тыйым салынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда медицина мамандарын өңірлердің сұранысына сай даярлайтын болады

