медицина

Петропавлдағы №1 емхананың директорына қатаң сөгіс жарияланды. Соңғы кезде осы медициналық мекеменің жұмысына халықтың наразылығы артқан. Басы ауырып, балтыры сыздағандар ұзын-сонар кезек күтіп шаршаған. Дәрігерлер жетіспеушілігі тағы бар. Нысанда бұдан өзге де олқылық жетерлік. Оған СҚО әкімі Айдарбек Сапаров та көз жеткізді. Бүгін ол ешкімге ескертпей, №1 қалалық емханаға барып, тұрғындардың шағымын тыңдап қайтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

медицина

№1 қалалық емхананың алдында да, тіркеу орнында да ұзын-сонар кезек. Бұл аталған мекемеде үйреншікті жағдайға айналған. Сондықтан тұрғындардың медициналық ұйым жұмысына көңілі толмайды. Оны нысанға ескертпей келген облыс әкімі Айдарбек Сапаровқа петропавлдықтар жеткізді.

«№1 қалалық емханада бірқатар мәселе бар. Бұл проблемаларды келіп, шешу керек қой. Жұмыс неге дұрыс атқарылмай жатыр? Тұрғындар мекемеге таңғы 6-дан келуде. Кісі көп», – деді тексеріс барысында өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров.

медицина

Жағдайға түсініктеме береді-ау деп емхана директорын күттік. Бірақ, басшы жұмыс орнында жоқ болып шықты. Николай Новиков қатарға кейіннен қосылды. Ол өзінің жұмысқа кеш келгендігін «Мекемеге қарасты филиалдарда болдым»,- деп түсіндірді. Бір қызығы, жерлестеріміздің арасында медициналық қызметті алу тұрмақ, тиісті кабинетті таба алмай жүргендер де бар болып шықты. Анықталғандай, кабинеттердің қай жақта орналасқаны әр қабаттың кіреберісінде сызбамен көрсетілген. Бірақ, дәрігерлердің есігінде тиісті жазу жоқ. Кейбірінде нөмір жазылған кішкентай қағаз ілініп тұр, ал өзгелерінде ол да жоқ. Мекемедегі мамандарға кіру бір мұң. Мұнда әрбір минут маңызды. Сырғыған бірнеше сағатта дәрігерлердің тексерісіне кіріп үлгерсеңіз сол бақыт. Ақхалаттылардың кейбірі тұрғындарды санаулы сағат қана қабылдайды. Кадр тапшылығы да бар.

медицина

«Дәрігерлер тұрғындарды 2 сағат қана қабылдап, жекеменшік клиникаға кетуге асығады. Сондықтан әрине, барлығы бірдей жазылып үлгермейді. Ендеше қабылдау уақытын ұзарту қажет не қосымша мамандарды тарту қажет. Мұны өзге емхана басшылығымен шешу керек», – деді облыс әкімі.

Осындай тапсырманы Айдарбек Сапаров облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жүктеді. Ал, осыншама олқылыққа  жол берген емхана директорына қатаң сөгіс жарияланды. Жағдай реттелмесе емдеу мекемесінің бас дәрігері жұмысымен қош айырылысуы мүмкін.

«Қазір жағдайды дұрыстау үшін тез шешім қабылдау керек. Жылдам әрекет етіңіздер. Емхананың бас дәрігеріне қатаң сөгіс жариялаймын. 10 күн уақыт беремін. Содан кейін тағы өзім келіп барлығын тексеремін», – деді Айдарбек Сапаров.

медицина

Емдеу мекемесінің алдын да ретке келтіру керек. Бұл жұмыстарды жасауға облыс әкімі 3 күн уақыт берді.  

Тағы оқыңыз: Петропавлдық 20 келіншек тігіншілікті меңгеріп жатыр

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x