К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті СҚО-дағы өкілдігінің ұжымы студенттермен кездесті
К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті Петропавл қаласындағы өкілдігінің ұжымы студенттермен кездесті. Биыл оқу орнына 100-ге ұл-қыз қабылданған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шара барысында ұл-қыздарға оқытушылар таныстырылып, филиалдың жұмысы жайлы кеңінен баяндалды. Биыл есігін айқара ашқан оқу орнына 100-ге жуық талапкер қабылданыпты. Маңызды кездесуге облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты. Оның сөзінше, аталған білім ордасында оқитын студенттерге бар жағдай жасалады.
К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті СҚО-дағы өкілдігінің ұжымы студенттермен кездесті
«2027 жылы филиал студенттеріне арнап 600 орынға шақталған жаңа оқу корпусы ашылады. Мағжан, Сәбит, Ғабит шыққан өлке өнерден кенде болмауы қажет. Бұл — облыс әкімдігінің бастамасы. Басты мақсатымыз — теріскейде талантты жастарға жол ашып, танымал болуына жағдай жасау. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс жалғасын табады», — деді Жүсіп Жұмағұлов.
Облыстағы білім ордаларында аграрлық және техникалық мамандықтар көп. Ұл-қыздарды шығармашылық бағытта дайындайтын оқу орындарының саны аз десек те қателеспейміз. Аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыс әкімдігі теріскейде елге танымал өнер университетінің филиалын ашуды жөн көрген.
Жобаны іске асыруға 2 жылға жуық уақыт кеткен. Филиал студенттері Қозыбаев университетінің базасында 6 бағыт бойынша тәлім алады.
К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті СҚО-дағы өкілдігінің ұжымы студенттермен кездесті
«Қостанай қаласының тумасымын. Университет мені жылы қарсы алды. Жатақханаға орналастық. Өзім суретшімін. Білім ұясы маған көп дүние үйретеді деп ойлаймын», — деді К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті Петропавл қаласындағы өкілдігінің студенті Лейла Макаева.