Көп бейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына сол жақ кеуде қуысы жараланған және қансыраған 20 жасар ер адам түсті. Дәрігерлер азаматты аман алып қалу үшін бүйрегін алып тастауға мәжбүр болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Көп бейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына сол жақ кеуде қуысы жараланған және қансыраған 20 жасар ер адам түсті. Науқастың сөзінше, жарақатты ол үйде жүріп алған. Медициналық мекемеге келген кезде оның жай-күйі ауыр және өміріне қауіп төніп тұрды.
Оны шұғыл түрде кезекші хирургтар мен реаниматолог қарап-тексерді. Кейін өмірлік көрсетілімдері бойынша шұғыл операция бөлмесіне жеткізілді.
Шамамен 2,5 сағаттай жүргізілген операцияның барысында сол жақ бүйрегінің зақымданғаны және зәрінде қан бар екені анықталды.
Бұл сол бүйрегінің қатты зақымданғанын көрсетеді. Шұғыл түрде кезекші уролог шақырылды. Хирургтармен бірлесе зақымданған бүйректі (сол жақта нефроэктомия) алып тастау туралы шешім қабылданды.
«Барлық жаралар өңделді, іш қуысы мен жамбас жағы құрғатылды. Сонымен қатар, зақымданған жерлер тігілді. Пациент операциядан кейін өмірлік көрсеткіштері мен қалған бүйрегінің функциялары бақыланып, тәулік бойы реанимацияда жатты. Қазіргі жағдайы бірқалыпты. Ол үйіне шығарылды», — деп хабарлады медициналық мекеменің баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Конституция жобасында азаматтардың денсаулық сақтау құқығы сақталады

