Айыртау ауданын жылумен қамтуы тиіс орталық қазандық әлі іске қосылмаған. Ал тендерді жеңіп алған фирманы аудан әкімдігі сотқа берген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Құрылысы бірнеше жылға созылып кеткен Саумалкөл ауылындағы орталық қазандық биыл да іске қосылмады. Бұл туралы Айыртау ауданының әкімі Мейрам Меңдібаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Қазір құрылғылардың барлығы орнатылды. Бірақ, электр энергиясымен жабдықтау, дала жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Мердігер фирманы «жауапсыз компания» ретінде сотқа бердік. Бесінші қазан күні сот шешімі шықты. Бұл жұмысты соңына дейін аяқтаймыз. Қазір қазандық жұмыс істемейді, іске қосылмаған», — деп жауап берді аудан басшысы QM редакциясының сауалына.
Сонымен қатар, редакция Лавровка ауылына жарық шамдарын орнату және Саумалкөл мен Светлый ауылдары арасындағы жолдың жөнделуіне қатысты сауал жолдады. Мейрам Меңдібаев бұл мәселелерді де білемін деп отыр. Айтуынша, елді мекендерді жарықтандыру мәселесі аудандағы барлық 76 ауылға ортақ проблема екен. Қазір мәселені шешу үшін жобалық сметалық құжаттар дайындалып жатыр.
Ал жол мәселесіне тоқталған атқамінер оның сапасы туралы айту әлі ерте дейді. Бірақ жұмыстар бақылауға алынған деп сендірді.
«Жоба әлі аяқталған жоқ. Оны қабылдайтын кезде сапасын тексереміз. Егер ақау шығатын болса, кепілді мерзім аясында компания олқылықты жоятын болады», — деп нақтылады Мейрам Меңдібаев.
Тағы оқыңыз: Петропавлда қосымша сабақ беретін мұғалімдердің біліктілігі шыңдалды