Солтүстік Қазақстанда ауа райының күрт өзгеруінен жолдар көктайғаққа айналып, жол-көлік оқиғаларының саны артты. Бір ғана тәулік ішінде өңірде үш бірдей жол апаты тіркелген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жол-көлік оқиғаларының бірі қарашаның алтысы Астана-Петропавл тас жолында болған. Volkswagen Passat автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, Mersedes жүк көлігімен соқтығысқан. Салдарынан екі адам жарақат алды.
«Қарашаның 7-сі таңғы сағат бестер шамасында Петерфельд — Новокаменка тас жолының 11 шақырымында жол апаты болды. 59 жастағы Volvo жүк көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кетіп, аударылып қалған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Бұрылыста жол белгілері орнатылған, аталған жол учаскесіне көктайғаққа қарсы материалдар себілген», — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер жүргізушілерді жол қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да бір түнде екі өрт оқиғасы тіркелді