Жаңа оқу жылынан бастап педагог мамандығы бойынша оқып жүрген студенттердің шәкіртақы 84 мың теңге болады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің республикалық Тамыз конференциясында айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мұғалімдердің жаңа толқынын даярлау – айрықша маңызды жұмыс екенін атап өтті.
«Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді»,- деді мемлекет басшысы.
Былтыр 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагог мамандығына оқуға түскен. Ал биыл екі мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдап отыр. Бұл – барлық «Алтын белгі» иегерлерінің 23 пайызға жуығы деген сөз. Мұның бәрі қоғамда ұстаздардың абырой-беделінің арта түскенін аңғартады.
«Биыл оқушыларымыз әлемдегі ең беделді жеті олимпиададан 27 медаль алды. Бұдан бөлек халықаралық олимпиадалардан 1000-ға жуық медаль иеленді. Бұл, әрине, ұл-қыздарымыздың сапалы білімі мен терең ізденісі және ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі», — деді президент.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық ұстаз Президент қолынан марапат алды