Петропавл қаласында ескірген және апатты жағдайдағы тұрғын үй қорын жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Реновация бағдарламасы 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның басты мақсаты – азаматтардың өмір сүруіне қолайлы, қауіпсіз және заманауи жағдай жасау, сондай-ақ қаланың ескі шағын аудандарының сәулеттік келбетін жақсарту, деп жазады Qazaqstan Media.
Бүгінгі таңда бұзылуға жататын нысандар тізіміне 1914–1971 жылдары салынған 28 көппәтерлі тұрғын үй енгізілген. Олардың басым бөлігі – 6–24 пәтерлі екі және үш қабатты кірпіш, шлакоблок немесе ағаштан салынған ғимараттар. Бұл үйлер апатты деп танылған.
Бағдарламаны іске асыру басталғалы Петропавл қаласының әртүрлі аумақтарында үш жаңа көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар тағы алты жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Инвесторлар тұрғындардың келісімін жинау, құқық белгілейтін құжаттарды рәсімдеу, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, жер телімдерін беру бойынша дайындық шараларын қолға алды. Ұйымдастыру және техникалық мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Жаңа жобалар қаланың әртүрлі аймақтарын қамтиды, бұл өз кезегінде қалалық инфрақұрылымды кешенді дамытуға ықпал етеді.
Реновация бағдарламасы өңірдегі тұрғын үй құрылысының жалпы өсімімен тығыз байланысты жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша тұрақты оң динамика байқалады. Мәселен, 2023 жылы өңірде 305,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Оның ішінде 168,1 мың шаршы метрі – 28 көпқабатты үй. Бұл үйлердің жартысы бюджет қаражаты есебінен, қалғаны жеке инвестициялар есебінен салынған. Жеке тұрғын үй құрылысының көлемі 137,8 мың шаршы метрді құрады.
2024 жылы 330 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2025 жылы 332 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарлануда. Оның ішінде жалпы ауданы 105 мың шаршы метрден асатын 14 көпқабатты үй салу көзделіп отыр. Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында 97,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Реновация өңірдің тұрғын үй секторын дамытудың жалпы стратегиясын толықтырып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, құрылыс саласын ынталандыруға және елді мекендердің сыртқы келбетін жақсартуға ықпал етеді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да іздеуде болған рецидивист ұры сотталды