Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше үйге ұрлыққа түсті деген күдікпен Дейкин Геннадий Геннадьевич іздестірілуде. Қылмыскерге Мамлют ауданындық соты іздеу жариялап отыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Дейкин Геннадий Геннадьевич 1977 жылғы 29 шілдеде туған. Мамлют ауданы Мамлютка қаласының тумасы. Отбасы жоқ. Негізгі жұмыс орны жеке кәсіпкерде деп көрсетілген. Оған іс бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188,24-ші баптары бойынша айып тағылып отыр. Ол баптар тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы және қайталанып жасалған ұрлық, қылмыс жасауға оқталу фактілерін қарастырады.
Сотталушы Геннадий Дейкин Мамлют аудандық сотына 2025 жылғы 26 мамыр, 28 мамыр және 2 маусымға тағайындалған сот отырыстарына ешқандай себепсіз қатыспаған. Оған қоса, 2025 жылғы 29 мамырда шығарылған соттың мәжбүрлеп әкелу туралы қаулысы орындалмаған. Ол өзі көрсеткен мекенжайда тұрмайтын болып шықты. Осы себепті аудандық сот оған іздеу жариялау туралы қаулы шығарды.
«Қылмыстық іс сотқа дейінгі өндіріс кезеңінде, Дейкин Геннадий Геннадьевичке іздеу жариялануына байланысты тоқтатыла тұрады. Сотталушының бұлтартпау шарасы жазбаша міндеттемесі қамауға алу түріне өзгертілсін. Дейкин Геннадий Геннадьевичтің орналасқан жері анықталған кезде қамауға алынып, бұл туралы іздестіруді жариялаған органға дереу хабарлануы тиіс. Іздестіру Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданының полиция бөліміне тапсырылсын. Қылмыстық іс іздестіруді ұйымдастыру үшін Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының прокурорына қайтарылсын»,-деп жазылған сот қаулысында.
Сонымен қатар, сотталушының Петропавл аумағында да бірнеше үйге ұрлық жасады деген күдік бар.
Тағы оқыңыз: 23 маусым-Қазақстан полициясы күні