Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Пресновка ауылында орналасқан «Тұлпар»кәсіптік-техникалық оқу орталығы 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде мұнда 354 адам оқып шығып, жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда бұл орталықта 15 адам білім алып жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Орталықтың басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлау және жұмыссыз жүрген азаматтарға кәсіп үйрету арқылы тұрақты жұмысқа орналастыру. Осы уақыт ішінде оқу орталығында қысқа мерзімді курстардан 354 адам өткен. Олар тракторшы-машинист, В және С1 санатындағы көлік жүргізушісі, шаштараз, тігінші және электр дәнекерлеуші мамандықтары бойынша білім алды. Курстардың ұзақтығы 3 айды құрайды. Жыл сайын ондаған түлек жүргізуші куәлігін алып, еңбек нарығына қосылады.
«Біздің мақсатымыз – жұмыссыз азаматтарға қысқа мерзім ішінде сұранысқа ие мамандықты меңгеруге мүмкіндік беру. Түлектеріміздің көбі оқуды аяқтаған соң бірден жұмысқа орналасып жатады. Мысалы, 2024 жылы орталық 36 тракторшыны дайындады. Сонымен қатар, көлік жүргізушілерін А, В, С, ВС санаттары бойынша оқыттық. Қазіргі таңда 15 адам білім алып жатыр. Оның ішінде 6 тракторист курсты аяқтады, тағы 17 тракторшы оқуын жалғастырып жатыр. Сондай-ақ 5 адам дәнекерлеуші мамандығы бойынша оқып жүр. Қазіргі уақытта В санатына – 58 адам, сондай-ақ ВС1 және А санаттарына оқып жатқандар бар», — деді «Тұлпар» кәсіби-техникалық оқыту орталығының директоры Владимир Лобода.
Орталықтың жабдықталуы қазіргі заман талабына сай. Мұнда жол қозғалысы ережелерін үйрететін арнайы сыныптар, тәжірибелік және зертханалық кабинеттер, түрлі жаттығу құрылғылары, интерактивті тақталар мен оқу-жаттығу автодромы бар. Бәрі де білім алушылардың сапалы білім алып, тәжірибе жинауына мүмкіндік береді. Оқу бағдарламасы жұмыссыздықпен күрес аясында жүзеге асырылады, сондықтан қатысушылардың жасы 18 жастан төмен болмауы тиіс. Курсқа қатысушыларға 43 мың теңге көлемінде шәкіртақы қарастырылғын. Сондай-ақ, жол жүру және пәтер жалдау ақысы мемлекет есебінен төленеді.
«Қазіргі уақытта Мансап орталығы арқылы жастарға және жұмыссыздарға кәсіби біліктілігін арттыруға жақсы мүмкіндік берілуде. Оқу барысында теориялық және тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Курсты сәтті аяқтағандар еңбек нарығына жылдам бейімделіп, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алады», — дейді Жамбыл аудандық Мансап орталығының директоры.

«Тұлпар» оқу орталығы «Агротехника Жамбыл» ЖШС, «Туған Жер» және «Даллакян» шаруа қожалықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Сол жерде курстан өтіп жатқан жандар өндірістік тәжірибеден өтеді. Орталық мамандарының айтуынша, оқу орны өз жұмысын одан әрі дамытуға, жаңа мамандықтар енгізуге және материалдық-техникалық базаны жаңартуға ниетті.
«Тұлпар» кәсіптік-техникалық оқу орталығы – ауылға қажетті білікті мамандарды даярлап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан маңызды білім беру мекемесі.