Қазақстанда 12-19 мамыр аралығында репродуктивті денсаулық апталығы басталды. Оның аясында Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары тегін тексерулерден өтіп, мамандардан кеңес ала алады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Апталықтың басты мақсаты — халықтың, әсіресе жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау. Сондай-ақ жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу. Жоспарланбаған жүктіліктің және жыныстық өмірдің ерте басталуының салдарын түсіндіру.
Облыстың емханаларында, денсаулық сақтау орталықтарында ашық есік күндері, тегін тексерулер, дәрігерлік кеңестер мен ата-аналар мен жастарға арналған ақпараттық кездесулер өтеді.
Өңірде бала тууға қабілетті 120 мың әйел тұрады. Облыстың бас акушер-гинекологы Елена Калюжнаяның айтуынша, бүгінде өңірде отбасыны жоспарлау кабинеттері жұмыс істейді. Тегін контрацептивтер таратылып, түсіктен кейінгі кеңес беру ұйымдастырылған. Бедеулікке шалдыққан әйелдерге аудандық деңгейден бастап республикалық орталықтарға дейін мамандандырылған көмек көрсетіледі.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 777 отбасы ЭКО-ға тегін квота алып, 193 бала дүниеге келді. Оның ішінде 30-ы егіз. Бұл бағдарлама көптеген отбасыларға ата-ана болу мүмкіндігін сыйлады. Перинаталдық орталықта жүкті әйелдерге арналған арнайы бөлімдер, психологиялық және заңгерлік көмек кабинеттері де жұмыс істейді», — дейді Елена Калюжная.
Жасөспірім қыздар арасында 2024 жылы 26 босану тіркелген. Ал, 2023 жылы — 46 жағдай болыпты. Былтыр сегіз жасөспірім түсік жасатса, 2023 жылы 14 қыз жүктілікті тоқтатуға шешім қабылдаған. 30 жасқа дейінгі 1300 әйел осындай шешім қабылдап, түсік жасатқан.
Қазіргі кезде өңірдің медициналық ұйымдарында 2256 келіншек жүктілік бойынша есепте тұр. Олардың 52%-ы тәуекел тобына жатады. 20%-ында — экстрагенитальды патология анықталған. Ол жүрек ауруы, қан қысымы, анемия сынды диагноздар.
Тағы оқыңыз: Алқабилер шешімі: Петропавлда үш адамның өліміне кінәлі деп танылған азамат өмір бойына бас бостандығынан айырылды