Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында 103 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның бесеуінде адамдар көз жұмып, 145 адам түрлі жарақаттар алды. Осыған байланысты өңірде 19 сәуірден бастап «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар күн сайын рейдке шығып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Басты мақсат – құқық бұзушылықтардың алдын алу, түсіндіру, қайғылы оқиғаларға жол бермеу. Іс-шараның алғашқы бес күнінде өңірде мыңға жуық ереже бұзу фактісі анықталды. Жүргізуші куәлігінен айырылған адамдардың көлік тізгіндегені белгілі болды. Сонымен қатар, мас күйінде көлік жүргізген 27 жүргізуші ұсталды.
Профилактиканы күшейту мақсатында интеллектуалдық жүйелер, бейнебақылау камералары және техникалық бақылау құралдары кеңінен қолданылуда. «Қауіпсіз жол» акциясы мамырдың 19-на дейін жалғасады.
Тағы оқыңыз: Жыл басынан Солтүстік Қазақстанда 1500 адам жұмысқа орналасты