Петропавлда еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Жыл басынан бері облыста 44 жәрмеңке өткізіліп, 364 жұмыс беруші 3485 бос жұмыс орнын ұсынды. Осы іс-шаралардың нәтижесінде 216 адам тұрақты жұмысқа орналасты, деп жазады Qazaqstan Media.
Жыл соңына дейін облыста 168 жәрмеңке өткізу жоспарланған. Оның 42-сі жылдың алғашқы айларында жүзеге асты. Сонымен қатар, 114 жәрмеңке аудандарда ұйымдастырылып, 660 адамға жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес берілді. Бүгін іс шараға 25-тен астам жұмыс беруші қатысып, өздеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды.

«Кезекті бос жұмыс орындар жәрменкесі С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өтіп жатыр. Мұнда 300-ге жуық қала тұрғыные шақырдық. Қазір өңірде электрогазбен дәнекерлеуші, электромонтер, электромонтажшы, сондай-ақ есепші мамандықтарына сұраныс жоғары,-деді «еңбек мобильділігі орталығы» директорының орынбасары Ботагөз Оразбаева.
Жәрмеңкеге Төтенше жағдайлар департаменті де қатысты. Олар азаматтарды өрт сөндіруші-құтқарушы және жүргізуші қызметтеріне жұмысқа шақырып отыр. Сонымен қатар Көкшетау қаласындағы Азаматтық қорғау академиясына түсу мүмкіндігі туралы ақпарат та берілді.

«Бізге 18-35 жас аралығында қызметкерлер керек. Және де міндетті түрде әскери билеті мен тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет. Сонымен қатар Азаматтық қорғау академиясына түсу арқылы инженерлік мамандықты меңгеруге болады»,-деді, СҚО ТЖД кадрлық және тәрбие жұмысы басқармасының бастығы Руслан Нұртазин.
Жәрмеңкеде жастардың белсенділігі жоғары. Соның бірі – Борки кентіндегі Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіби-педагогикалық колледжінде оқитын Сергей Сонич. Төртінші курс студенті болашақта механик болуды армандайды.
«Механик болу – менің бала күнгі арманым. Қазір соңғы курста оқып жатырмын. Жоғары білім алып, көлік жөндеу ісімен айналысқым келеді. Барша жастарға айтарым – жүректеріңіз қалаған мамандықты таңдаңыздар»,-дейді Сергей Сонич.

Жыл басынан бері өңірде 1500-ге жуық азамат тұрақты және уақытша жұмысқа орналасқан. Жұмыс іздеушілерге ыңғайлы болу үшін жәрмеңкелер онлайн форматта да өткізіледі. Бұл үшін азаматтар Enbek.kz порталына тіркеліп, өз түйіндемелерін жолдай алады. Жұмыс берушілермен онлайн сұхбаттасу мүмкіндігі де қарастырылған.
Тағы оқыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев: біз бәріміз теңбіз