Былтыр Есіл ауданына елдің оңтүстігінен 134 адам, 24 қандас көшіп келген. Отбасының әр мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмек берілді. Сонымен қатар, қоныс аударғандарға құқықтық және психологиялық қолдау көрсетілді, деп жазады Qazaqstan Media.
Мира Какимбекова 2021 жылы Есіл ауданындағы ауылдардың біріне елордамыз Астана қаласынан қоныс аударған. Жолдасы екеуі мемлекеттік грант алып, өз істерін ашқан. Кейіннен отағасы мезгілсіз қайтыс болып, шаруашылықты жүргізуге жағдайы келмеген.
«2022 жылы аяқ асты жолдасым қайтыс болғаннан кейін менің жағдайым күрт нашарлап кетті. Қыс мезгілі сегіз айлық баламен қалдым. Отын, көмір жағы қиындық тудырды. Өзім жұмыссыз отырған соң менің ойым аудан орталығына көшіп келу болды. Сосын аудан әкіміне барып, көмек сұрадым. Мереке Тілеужанұлы сөзімді жерге қалдырмай, аудан орталығынан маған осы үйді берді», — дейді аудан тұрғыны Мира Кәкімбекова.
Есіл ауданында «Еңбек» бағдарламасы бойынша 92 тұрғын үй салынған, олардың барлығы иелеріне табысталды. 2025 жылы жоспар бойынша тағы 50 отбасы мен қандастарды қабылдау жоспарланған.
«Мемлекет тарапынан берілетін 70 АЕК әр отбасы мүшесіне жасына қарамастан төленеді. Көшіп келгеннен кейін жаңа үйде тұрамын десе, сонда қоныстандырамыз. Ал қайталама нарықтағы үйлерді аламын дейтін болса, жарты бағасын үкімет төлеп береді. Өз ісін бастаймын дегендерге грант беріледі», — деп нақтылады Есіл ауданы мансап орталығының директоры Қасым Сейтпенбетов.
Тағы оқыңыз: Игі істер уақыты: СҚО-да ассамблея жастары 30 күндік челлендж бастады