Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлеріне арналған мерекелік шарада Шал ақын ауданының екі азаматы облыс әкімі қолынан марапат алды. Олар биылғы орақ науқанында өзгелерден озық шығып, үздік көрсеткіштерге қол жеткізді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Өздерінің төл мерекелерінде жоғары көрсеткішке қол жеткізген мамандар салтанатты түрде марапатталды. Солардың қатарында «Айгерім» шаруа қожалығының механизаторы Дәулет Аркаевбар. Көп балалы әке облыс әкімі қолынан ҚР ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасын алды. Бұл марапатты осы жолы облыс бойынша алты маман ғана алды.
«Мен Жаңаталап ауылындағы «Айгерім» шаруа қожалығында комбайнер болып жұмыс істеймін. Осы жылы күзгі орақ кезінде 700 тонна астық бастырдым. Бұл үздік көрсеткіштердің бірі. Министр атынан марапат алу мен үшін үлкен қуаныш. Қарапайым жұмысшының еңбегін бағалап, грамота беріп жатыр»,- дейді Дәулет Аркаев.
Салтанатты жиында кеуделеріне медаль таққандардың бірі – Абай Ағажанов. 48 жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүр. 1977 жылы бұрынғы Марьевка кеңшарында механизатор болып еңбек жолын бастаған ол, қазір «Құрмантаев» шаруа қожалығын басқарады. Бұл отбасылық бизнес. Қожалық 1992 жылы құрылып, қазір аудандағы жетекші ұжымдардың бірі. Мереке күні оған «Еңбек ардагері» медалі тағылды. Денсаулығына байланысты Абай Ағажанов еркін жүре алмайды, сондықтан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов сахнадан түсіпқасына барды.
«Шаруа қожалығымызды 1992 жылы құрдық. Барлық техника бар. Жыл сайын жақсы өнім аламыз. Орташа есептегенде әр гектардан 13,6 центнерден аз алып көрген жоқпыз. Жұмысшылардың ақысын жемей, жоғары бағалаймыз. Марапатқа келер болсақ, бұл менің алып отырған алғашқы медалім. Сондықтан қуаныш та, мақтаныш та бар»,-дейді «Құрмантаев» ШҚ жетекшісі Абай Ағажанов.
Жалпы, Шал ақын ауданының шаруалары биылғы орақ науқанын сәтті аяқтады. Олар көктемгі тасқын су мен жаңбырлы жазға қарамастан қамбаларын астыққа толтырды.
Тағы оқыңыз: Еліміздің колледждерінде педагог-ассистенттер дайындайды