Сайлау – әр азаматтың өз таңдауын білдіретін маңызды науқан. Ал дауыс беру учаскесіне денсаулығына байланысты келе алмайтын тұрғындарға үйден дауыс беруге мүмкіндік қарастырылған. Осындай мүмкіндікке ие болғандардың бірі – 102 жастағы тыл ардагері Ольга Ершова, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
№595 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері қарияның үйіне арнайы барып, дауыс беруіне мүмкіндік жасады. Ғасыр жасаған кейуана бюллетеньдерді мұқият қарап, өзі қолдаған үміткер мен партияға дауыс берді. Осылайша, жасы ұлғайса да, ел өміріндегі маңызды саяси науқанға бейжай қарамайтынын көрсетті. Комиссия өкілдері ардагерге құрмет білдіріп, сый-сияпат жасады.
Ольга Ершова Ресейде дүниеге келген. 1930-жылдары Петропавлға қоныс аударып, еңбек жолын осы өңірде жалғастырған. Ет өңдеу зауытында бірнеше жыл жұмыс істеген. Ғұмырының басым бөлігін еңбекке арнаған кейуана ел басқару ісіне араласатын азаматтарға артылар жауапкершілік жоғары екенін айтады. Оның пайымынша, депутаттың басты міндеті – халықтың үнін билікке жеткізу.
Петропавлда 102 жастағы тыл ардагері үйден дауыс берді
«Депутатты халық сайлайды. Сондықтан ол әрдайым тұрғындарға жақын болуы керек. Бар мәселені билікке жеткізіп, шешуі тиіс. Бұған дейінгі сайлауларға өзім барып дауыс беретінмін. Соңғы кездері денсаулығым сыр беріп, үйде дауыс беруге өтініш білдірдім. Өтінішім орындалды», — деді тыл ардагері.
Айта кетейік, №595 сайлау учаскесіне 1200-ден астам тұрғын тіркелген. Оның сегізі денсаулығына байланысты үйден дауыс беруге өтініш берген. Сайлау комиссиясының мүшелері олардың әрқайсысына барып, азаматтық таңдауын жасауына жағдай жасады.