Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарды электронды білезік арқылы бақылау жүйесі әзірленіп жатыр. Егер құқық бұзушы жәбірленушіге рұқсат етілмеген қашықтыққа жақындаса, полицияға автоматты түрде дабыл түседі. Бұл тәртіп сақшыларына жәбірленушінің шағымын күтпей-ақ, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

«Электрондық қорғау аймағы» деп аталатын жаңа жүйе туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

GPS технологиясы арқылы құқық бұзушы мен жәбірленушінің орналасқан жерін бақылау көзделіп отыр. Қазір мамандар олардың бір-біріне 20 метрге дейін жақындағанын анықтау мүмкіндігін тексеріп жатыр. Белгіленген шектеу бұзылған жағдайда полицияның жедел басқару орталығына хабарлама түседі. Оқиға орнына жақын маңдағы полиция жасағы жіберіледі.

Қазір Қазақстанда GPS және GSM модульдерімен жабдықталған 2 851 электронды бақылау құрылғысы қолданылады.

«Мониторинг платформасындағы координаттарды жаңарту екі минуттан аспайтын аралықпен жүзеге асырылады», — делінген министрліктің жауабында.

Сондай-ақ жүйе электронды білезікті шешу немесе зақымдау, құрылғымен байланыстың үзілуі және рұқсат етілген аумақтан шығу фактілерін тіркей алады.

Жаңа жүйені Шымкент қаласында, Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облыстарында сынақтан өткізу жоспарланған. Солтүстік Қазақстан облысы әзірге пилоттық жобаға енген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарды сот шешімімен электронды білезік тағуға міндеттеу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.

Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған арнайы мобильді қосымша әзірлеу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Жәбірленушілердің жеке деректері мен орналасқан жері туралы ақпараттың құпия сақталуына ерекше көңіл бөлінбек. Жаңа жүйенің тиімділігі полицияның әрекет ету жылдамдығына, анықталған құқық бұзушылықтар санына және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталану көрсеткішіне қарай бағаланады. Жүйенің бүкіл ел бойынша қашан енгізілетіні әзірге белгісіз.

Поделиться:

Shares