Елімізде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау, маман тапшылығын азайту және педагогтерді артық жұмыстан арылту мәселелеріне назар аударды. Мемлекет басшысының бастамаларын солтүстікқазақстандық ұстаздар да қолдап отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Президент Үкіметке әкімдермен бірлесіп инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамытуды, сондай-ақ балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Бұл іске «Қазақстан халқына» қорын да белсенді тарту қажеттігін атап өтті.

Ж. Тәшенов атындағы №20 орта мектептің директоры Жібек Жамұлдинованың айтуынша, ерекше қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау маңызды.

«Елімізде осы балалардың тең жағдайда білім алуы үшін көңіл бөлінеді. Бұл ретте ұстаздар да жауапкершілікті сезініп, жұмыс істеуі тиіс. Педагогтер үшін өзекті тағы бір мәселе – қосымша міндеттер мен артық жұмыс жүктемесі. Мемлекет басшысы Жолдауында осы мәселеге де тоқталды. Бізде цифрлы платформалар көбейіп кетті. Олардың тиімді де, тиімсіз де тұсы бар. Ұстаздарды артық жұмыстан арылту керек»,-деді мектеп директоры.

Ұстаздар аталған бастамалар білім беру сапасын арттыруға және педагогтердің негізгі міндетіне көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді деп сенеді.

Тағы оқыңыз: СҚО-да бір апта ішінде 33 адамнан қатерлі ісік анықталды

 

Поделиться:

Shares