Облыста жаңа көпбейінді аурухананың құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған. Заманауи медициналық мекемеге перинаталдық орталық та көшіріледі. Мұнда аналар мен жаңа туған нәрестелер үшін қолайлы жағдай жасалмақ. Бұл туралы облыстық көпбейінді ауруханасы перинаталдық орталығының директоры Елена Калюжная айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көтерілген бастамаларға қолдау білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жаңа аурухананың құрылысы президент Жолдауына дейін басталған. Дегенмен Елена Калюжнаяның пікірінше, мемлекет басшысы белгілеген міндеттер денсаулық сақтау саласының дамуына тың серпін береді.
«Біз келесі жылы жаңа көпбейінді облыстық аурухананың құрылысы аяқталғанын асыға күтіп отырмыз. Перинаталдық орталық та сол жерге көшеді. Аналар мен сәбилер үшін өте жайлы жағдай жасалады. Әрине, бұл нысанның құрылысы президент Жолдауына дейін басталды. Бірақ Жолдауда айтылған бастамалар еліміздің дамуына үлкен серпін беріп, тарихи өзгерістерге жол ашады деп ойлаймын», – деді Елена Калюжная.
Президент Жолдауында медициналық инфрақұрылымды жаңартуға ерекше назар аударылды. Қазақстанда сегіз заманауи перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланған.
Солтүстік Қазақстан облысында салынып жатқан жаңа аурухана 480 төсек-орынға есептелген. Мұнда бірнеше медициналық қызмет бір ғимаратта біріктіріледі. Бұл тұрғындардың мамандандырылған медициналық көмек алу мүмкіндігін кеңейтеді.
Алайда денсаулық сақтау саласын дамыту тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Медициналық мекемелерді білікті мамандармен қамтамасыз ету, қызметкерлердің білімін жетілдіру және еңбекақысын арттыру да маңызды.
«Президент емханалардың жұмысына да ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Тек мамандар санын көбейту жеткіліксіз. Олардың жалақысын көтеріп, кәсіби білімін жетілдіруге мүмкіндік жасау қажет. Бұл – мемлекет басшысы тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Біз, медицина қызметкерлері, мұндай бастамаларды жоғары бағалаймыз», – деді орталық директоры.
Елена Калюжнаяның айтуынша, медицина саласындағы өзгерістер кешенді түрде жүзеге асуы тиіс. Жаңа ғимараттар мен заманауи жабдықтар науқастарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ал білікті мамандар медициналық көмектің сапасын арттыруда шешуші рөл атқарады.

