Жолдардың жай-күйі, аулалардың жарықтандырылуы, қоғамдық көліктің жұмысы мен медициналық көмектің қолжетімділігі — Петропавл тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелер. №11 сайлау округінен қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Александр Зель де осы бағыттарға баса назар аударып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ол 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында округ тұрғындары үшін маңызды деп санайтын негізгі міндеттерді айқындаған. Олардың қатарында көшелерді жөндеу, коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту, аулаларды абаттандыру және әлеуметтік саланы дамыту бар. Александр Зель 42 жаста. «Қаржы» мамандығы бойынша жоғары білімі бар, сондай-ақ тарих магистрі дәрежесін алған. Әр жылдары қоғамдық және партиялық жұмыстармен айналысқан. Қазіргі уақытта «Әділет» партиясы қалалық филиалының төрағасы, Петропавл қоғамдық кеңесінің мүшесі. Жинақтаған тәжірибесі оның қала тұрғындарының мәселелерімен және қалалық қызметтердің жұмысымен жақынырақ танысуына мүмкіндік берген.
Жолдар, қоғамдық көлік және коммуналдық инфрақұрылым
Бағдарламадағы негізгі басымдықтардың бірі – жолдардың жай-күйі. Атап айтқанда, Александр Зель көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызын атап өтіп, Фрунзе көшесін Волочаевский көшесінен Қ. Байболов көшесіне дейін жол салу мәселесін көтерген. Сонымен қатар Волочаевская және Халтурин көшелерін жөндеу қажеттігін қарастыруды ұсынады. Алдағы уақытта Ленинградская, Московская, Ахременко және В. Б. Кошуков көшелеріне де назар аударуды жөн көреді.
Бұдан бөлек, тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңарту мәселесіне де көңіл бөлінген. Коммуналдық инфрақұрылымды уақытылы жаңғырту апаттық жағдайлар мен қызмет көрсету кезіндегі үзілістердің алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ көшелерді, әсіресе аулалар мен әлеуметтік нысандар маңын жарықтандыруды жақсарту міндеті белгіленген.
Аулалар, мектептер және балалар алаңқайлары
Тұрғындар үшін қаланың орталық көшелері ғана емес, балалар ойнап, үлкендер тынығатын аулалардың жай-күйі де маңызды. Александр Зельдің бағдарламасында балалар және спорт алаңдарын орнату мен жаңарту, аула аумақтарын абаттандыру, көгалдандыру, сондай-ақ қоқыс контейнерлері орналасқан орындардың тазалығын сақтау жөнінде ұсыныстар бар.
Жекелеген бағыт мектептер мен балалар мекемелеріне қатысты. Атап айтқанда, ғимараттарды уақытылы жөндеу, спорт залдары мен мектеп алаңдарын жаңарту, оқу кабинеттерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. Кандидат ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жасалатын жағдайға да назар аударады. Оның ұсыныстары қатарында түзету-педагогикалық қолдауды дамыту және білім беру ұйымдарында баршаға қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыру бар.
Медицина және қолжетімді қалалық орта
Медициналық қызметтің қолжетімділігі – қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелердің бірі. Бағдарламада тар бейінді мамандардың қолжетімділігін арттыру, емханаларды қажетті диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және медициналық мекемелерді кадрлармен жасақтау мәселелері көрсетілген.
Кедергісіз орта қалыптастыру да маңызды. Пандустар, ыңғайлы еңіс жолдар, ғимараттар мен әлеуметтік нысандарға қауіпсіз кіріп-шығу мүмкіндігі тек мүгедектігі бар адамдарға ғана емес, қарттарға және бала арбасы бар ата-аналарға да қажет.
Ең бастысы – тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмауы керек
Александр Зельдің айтуынша, қаладағы көптеген мәселені бір реттік шаралармен шешу мүмкін емес. Ол үшін тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, олардың өтініштерін жинақтау, ең өзекті мәселелерді анықтау және жауапты мекемелермен бірлесіп шешу жолдарын қарастыру қажет.
«Менің ойымша, депутат тұрғындармен тек сайлау кезінде ғана емес, үнемі байланыста болуы керек. Адамдарды тыңдап, оларды қандай мәселелер толғандыратынын түсініп, сол сұрақтардың қалалық деңгейде шешілуіне ықпал ету маңызды. Барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес, дегенмен олардың ешқайсысы назардан тыс қалмауы тиіс», – дейді Александр Зель.
Кандидаттың алға қойған негізгі мақсаты – №11 сайлау округі тұрғындарының мүддесін қорғау, жергілікті мәселелердің шешілуіне ықпал ету және қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін сұрақтардың орындалуын бақылауда ұстау.
Тағы оқыңыз: Жамбылдық шаруалар «Соғым Fest»-ке бір тонна ет әкелді

