Астанада өтіп жатқан «Соғым Fest» жәрмеңкесінде Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданынан келген шаруалар өз өнімдерін ұсынды. Олар елордаға бір тонна сиыр және жылқы етін жеткізді. Өнімдер нарықтағы бағадан төмен сатылып жатыр. Бұл Астана тұрғындарына қысқы соғымын тиімді бағамен қамдауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Жамбылдық шаруалар саудаға өздері өсірген малдың етін шығарды. Төрт түлік Солтүстік Қазақстанның табиғи жайылымдарында бағылған. Сондықтан өнімнің сапасы мен балғындығына сенімді. Сөрелерде сиыр және жылқы етінің түр-түрі қойылған.

Сиыр етінің бір келісі 3300–3400 теңгеден, ал жылқы еті 3500–3600 теңгеден саудаланып жатыр. Мұндай баға қала тұрғындары үшін тиімді. Жәрмеңке келушілерге сапалы өнімді делдалсыз, тікелей өндірушіден сатып алуға жол ашты.

Шаруалар үшін де мұндай сауда алаңдарының маңызы зор. Олар өз еңбегінің нәтижесін тұтынушыға тікелей ұсынып, өнімін кеңінен таныта алады. Ал сатып алушылар еттің сапасын көзбен көріп, көңілінен шыққанын таңдайды.

Жамбыл ауданынан келген кәсіпкерлер сауданы сенбі және жексенбі күндері де жалғастырады. Олар әкелген бір тонна етті толық өткізіп, Астанадан жақсы нәтижемен оралуды көздеп отыр.

Жамбылдық шаруалар «Соғым Fest»-ке бір тонна ет әкелді
Жамбылдық шаруалар «Соғым Fest»-ке бір тонна ет әкелді

«Өніміміз сапалы әрі балғын. Мұндай жәрмеңкелердің біз үшін пайдасы зор. Өйткені делдалсыз, тікелей тұтынушыға сауда жасауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар Астана тұрғындарына солтүстік өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін таныстырып жатырмыз. Алдағы екі күнде еттің барлығын сатып, жақсы нәтижемен ораламыз деп сенеміз», – дейді ауыл өнімін саудалап тұрған Ербол Сәриев.

Тағы оқыңыз: «Соғым Fest»: Шал ақын ауданы Астанаға балғын ет, қазы-қарта, жамбас пен жая жеткізді

 

Поделиться:

Shares