Астанада өтіп жатқан «Соғым Fest» жәрмеңкесіне Шал ақын ауданының кәсіпкерлері 700 келіге жуық жылқы етін жеткізді. Олар Астана тұрғындарына қысқы соғымды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік ұсынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шал ақын ауданынан келген өнімге сұраныс жоғары. Сауда басталған сәттен-ақ тұрғындар ет сөрелеріне жиналды. Жұртшылық өзіне қажетті етті таңдап, қысқы соғымға қамдана бастады. Нәтижесінде небәрі бір сағаттың ішінде әкелінген өнімнің жартысы сатылып кетті.
Жәрмеңке сөрелерінен жылқы етінің түрлі мүшелерін табуға болады. Мұнда қазы, жая, жамбас және өзге де ет өнімдері ұсынылған. Өнімнің балғындығы мен сапасы тұтынушылардың қызығушылығын арттырды. Әсіресе табиғи өнімді өндірушіден тікелей сатып алуға мүмкіндік туғаны тұрғындар үшін тиімді.
Шал ақын ауданы – облыста мал шаруашылығы жақсы дамыған өңірлердің бірі. Ауданда төрт түлікті түлетіп, ет өндірісін дамытып отырған шаруашылықтар бар. Жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін облыс көлемінде ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де танытып келеді. Астанадағы жәрмеңке – сол мүмкіндіктердің бірі.
Аудан кәсіпкерлері үшін мұндай сауда алаңдарының маңызы зор. Бір жағынан, шаруалар өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынады. Екінші жағынан, қала тұрғындары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз, тиімді бағамен сатып ала алады.
«Астанаға жыл сайын келеміз. Біз әкелген өнімге сұраныс өте жоғары. Барлық тауарды сатпай кеткен емеспіз. Еңбегіміз ақталып, саудамыз жүргеніне қуаныштымын», – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Айдос Қилыкешов.
«Соғым Fest» жәрмеңкесі ауыл шаруашылығы өндірушілері мен қала тұрғындарын байланыстыратын тиімді сауда алаңына айналды. Мұнда өңірлердің өнімдері ұсынылып, шаруалар өз еңбегінің нәтижесін тұтынушыға тікелей жеткізуге мүмкіндік алып отыр.
Тағы оқыңыз: «Соғым Fest»: Уәлиханов ауданының шаруалары елордаға 650 келі ет өнімін ұсынды

