Астанада өткен «Соғым Fest» ет өнімдерінің жәрмеңкесінде Солтүстік Қазақстан облысының шаруалары өз өнімдерін ұсынып, елордалықтардың жоғары сұранысына ие болды. Ауқымды шараға Уәлиханов ауданының тауар өндірушілері де қатысып, 650 келі ет өнімін саудаға шығарды. Табиғи әрі сапалы өнімге қызығушылық танытқан тұрғындар сауда сөрелеріне белсенді түрде ағылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімдерін делдалсыз, тікелей тұтынушыға ұсыну мүмкіндігіне ие болды. Бұл бір жағынан шаруалар үшін тиімді сауда алаңы болса, екінші жағынан қала тұрғындарына сапалы етті қолжетімді бағамен сатып алуға жол ашты.
Уәлиханов ауданынан барған шаруалардың өнімдері елордалықтардың көңілінен шықты. Әсіресе жылқы етіне сұраныс жоғары болды. Мәселен, «Қайсарбай» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Қайсарбай Көзжанов жылқы етінің келісін 3500 теңгеден саудалады. Бұл баға дүкендердегі құннан 15–20 пайызға төмен. Соның нәтижесінде небәрі бір сағаттың ішінде әкелінген өнімнің жартысы сатылып кеткен.

Кәсіпкердің айтуынша, тұтынушылардың сапалы әрі табиғи өнімге деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан шаруалар мұндай жәрмеңкелерге тұрақты қатысып, өз өнімдерін қала тұрғындарына ұсынуға ерекше мән береді.
«Уәлиханов ауданының шөбі құнарлы. Біз елордаға тек семіз жылқылардың етін әкелдік. Сұраныс өте жоғары. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысып келеміз. Әр жолы әкелген тауарымыздың барлығын дерлік сатып кетеміз. Мұндай шаралар шаруаларға да, тұтынушыларға да тиімді», – деді Қайсарбай Көзжанов.
Айта кетейік, «Соғым Fest» жәрмеңкесінде солтүстікқазақстандық тауар өндірушілер елорда тұрғындарына жалпы көлемі 12 тонна өнім ұсынды. Сауда сөрелерінде жылқы, қой, сиыр және тауық еті қойылды. Өнімдердің мол таңдауы мен қолжетімді бағасы қала тұрғындарына қысқы соғымға қажетті азық-түлікті тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік берді.
Осылайша, солтүстікқазақстандық шаруалар елордалық нарықтағы сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін тағы бір мәрте танытты.
Тағы оқыңыз: СҚО спортшылары гір көтеруден әлем чемпионатында жеңіс тұрығынан көрінді

