Қазақстанда емханаларда жұмыс істейтін дәрігерлер мен медбикелерге еңбек өтіліне қарай қосымша ақы төлеу жоспарланып отыр. Ал психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге бұдан да жоғары үстемеақы қарастырылған. Жаңа өзгерістер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Денсаулық сақтау министрлігі тиісті қаулы жобасын «Ашық НҚА» порталында жариялады. Құжат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау үшін әзірленген.
Жоба бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында үздіксіз жұмыс істеген мамандарға қосымша ақы төлеу ұсынылады. Атап айтқанда, еңбек өтілі екі жылдан асқан қызметкерлерге лауазымдық жалақысының 20 пайызы, үш жылдан асқандарға 30 пайызы, ал бес жылдан асқандарға 50 пайызы көлемінде үстемеақы белгіленбек.
Бұл өзгеріс учаскелік терапевтерге, педиатрларға, жалпы практика дәрігерлеріне, медбикелерге, фельдшерлерге, акушерлерге және патронаждық қызметкерлерге қатысты болады. Мектеп медбикелері де осы тізімге енгізілген.
Психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысын арттыру да көзделіп отыр. Оларға психоэмоциялық және дене жүктемесі үшін арнайы қосымша ақы төленуі мүмкін. Психологтарға базалық лауазымдық айлықақының 300 пайызы, ал әлеуметтік қызметкерлерге 200 пайызы мөлшерінде үстемеақы ұсынылған. Бұл төлемдер олардың негізгі жалақысына қосылады.
Министрліктің мәліметінше, мұндай шаралар медицина саласындағы кадр тапшылығын азайтуға бағытталған. Сондай-ақ мамандардың жұмыстан кетуін тежеп, емханалардағы қызметкерлердің жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.
Құжат әзірге қабылданған жоқ. Жоба 2026 жылғы 7 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауда болады. Осы уақыт аралығында азаматтар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіре алады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда марихуана шегіп, көлік тізгіндеген жүргізуші ұсталды

