Солтүстік Қазақстан облысында үш жабайы қабанды заңсыз атып алды деген күдікке ілінген ер адам полициядан қашпақ болды. Алайда қашып бара жатқан мотоциклі шұңқырға түсіп, тоқтап қалған. Күдікті мен оның екі серігі жаяу қашқанымен, тәртіп сақшыларының қолына түсті. Енді 49 жастағы тұрғын үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Оқиға Мағжан Жұмабаев ауданында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде болған. Ауылдардың біріне жақын алқапта рейд жүргізген полицейлер бүйір тіркемесі бар «Урал» мотоциклін байқайды. Оған үш ер адам мінген. Тәртіп сақшылары көлікті тоқтатпақ болғанда жүргізуші талапқа бағынбай, жылдамдықты арттырып қаша жөнелген. Бірақ алысқа ұзай алмады. Мотоцикл шұңқырға түсіп, қозғалтқышы өшіп қалған.
«Мотоцикл тоқтаған бойда үш ер адам жан-жаққа қаша жөнелді. Алайда полиция қызметкерлері олардың барлығын ұстады. Көліктің бүйір тіркемесін тексеру кезінде үш жас жабайы қабанның өлексесі табылды», – деп хабарлады СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнын қарау барысында тәртіп сақшылары тағы бір айғаққа тап болды. Мотоцикл тасталған жерге жақын маңнан 12 калибрлі, тіркелмеген «ИЖ-12» маркалы қос ұңғылы аңшылық мылтық тәркіленді. Заңсыз аң аулады деген күдік ауданның 49 жастағы тұрғынына түсті.
«Ер адамның түсіндіруінше, ол бұған дейін ауыл маңынан жабайы қабандар тобын байқаған. Кейін сол жерге мылтық алып барып, үш қабанды атып алған. Ал ауылдастарын олжасын мотоциклге тиеп, тасымалдауға көмектесу үшін шақырған», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта табиғатқа келтірілген залалдың көлемі есептеліп жатыр. Заңсыз аңшылық үшін үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салудан бастап, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Полиция қызметкерлері жабайы жануарларды рұқсатсыз аулау заң бұзушылық екенін ескертіп, «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы рейдтердің тұрақты жүргізілетінін хабарлады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда ер адам қамаудан шыққасын бір күннен кейін қайта қамалды

