Петропавлда көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші жазасын өтеп шыққан күні-ақ қайтадан рөлге отырған. 51 жастағы қала тұрғыны полицейлердің рейдтік шарасы кезінде ұсталды. Ол бұған дейін мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапқа тартылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Айналма жолда JAC автокөлігін тоқтатқан тәртіп сақшылары жүргізушінің небәрі екі апта бұрын көлік басқару құқығынан айырылғанын анықтады. Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған. Алайда жазасын өтеп шыққан бойда заң талабын қайта бұзған.
Бұл жолы құқық бұзушыға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ, 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.
«Биыл 10 айда Солтүстік Қазақстан облысында 462 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 37 адам қаза тауып, 643 адам жарақат алған. Апаттардың 443-іне жүргізушілер кінәлі болған. Бұл жол-көлік оқиғаларында 37 адам көз жұмып, 621 адам түрлі жарақат алды», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Ал жыл басынан бері өңір полицейлері көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған 335 жүргізушіні анықтады. Тәртіп сақшылары мұндай заң бұзушылықтардың жол қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін ескертеді.
Тағы оқыңыз: Алдағы жылдары Қазақстанда бірнеше спорттан әлем жарыстары өтеді

