Қазақстанда «Отбасы банк» 52 мың азаматты тұрғын үй кезегінен шығарды. Олардың барлығының атында баспанасы бар екені анықталған. Бұл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың шамамен 5,2 пайызын құрайды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазіргі уақытта елімізде баспана кезегінде 1 миллионға жуық адам тұр. Алайда жүргізілген тексеру барысында олардың бір бөлігінің жеке меншігінде жылжымайтын мүлік бар екені белгілі болды. Осыған байланысты баспанаға мұқтаж азаматтар санатына жатпайтын 52 мың қазақстандық кезектен алынды.
2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап «Отбасы банкке» азаматтардың деректерін жеке мәліметтерді жинауға және өңдеуге бөлек келісім алмай-ақ тексеру құқығы берілген.
Банк мәліметінше, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың деректерін тексеру жұмыстары мұнымен аяқталмайды.
Алдағы уақытта ортақ бірлескен меншігінде баспанасы бар азаматтардың жағдайы да зерделенеді. Егер олардың тұрғын үй кезегінде тұруға заңды негізі жоқ екені анықталса, мұндай азаматтар да тізімнен шығарылады. Осылайша, тексеру жұмыстары тұрғын үй көмегіне шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға бағытталған.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда әлеуметтік желіде балағат сөз айтқандар мен жала жапқандарды жазалау ұсынылды

