Петропавлда интернет-алаяқтар мектептердің бірінде жұмыс істейтін педагогті алдап, төрт миллион теңгесін иемденген. Жыл басынан облыста 40-қа жуық білім беру ұйымының қызметкері алаяқтардың құрбаны болған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Пысықайлап әуелі өздерін халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері ретінде таныстырып, әйелдің электронды цифрлық қолтаңбасының мерзімі аяқталғанын айтқан. Оны ұзарту қажет деген сылтаумен ұялы телефонына келген төрт таңбалы кодты сұраған. Алаяқтардың сөзіне сенген мұғалім кодты еш күмәнсіз айтып берген.
Арада біраз уақыт өткен соң оған белгісіз біреулер қайта хабарласып, бұл жолы өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар педагогтің атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, жағдайды шұғыл түрде шешу қажеттігін жеткізген. Осылайша, алаяқтар әйелді банктен несие алуға және алынған қаражатты арнайы «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндірген.
Алаяқтардың нұсқауын бұлжытпай орындаған азаматша ақырында төрт млн теңгесінен айырылды. Қаскөйлердің арбауына түсіп қалғанын түсінгеннен кейін ол полицияға жүгінген.
«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары азаматтарды телефон арқылы хабарласқан белгісіз адамдарға жеке деректерін, SMS-кодтар мен банк мәліметтерін бермеуге шақырады. Ешбір банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі телефон арқылы «қауіпсіз шотқа» ақша аударуды талап етпейтінін естен шығармаған жөн», — деп хабарлайды СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда терроризм туралы жалған хабар таратқан 23 адам жауапқа тартылды

