Солтүстік Қазақстан облысында экологиялық заң бұзушылықтар туралы хабарлаудың жаңа тәсілі іске қосылды. Енді тұрғындар ағаштарды заңсыз кесу, браконьерлік, жердің бүлінуі немесе қоршаған ортаның ластануы туралы тәулік бойы тікелей табиғат қорғау прокурорына хабарлай алады, деп жазады Qazaqstan Media.
«Заң және табиғат» деп аталатын арнайы Telegram-ботты Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы әзірледі.
Жаңа сервистің басты ерекшелігі – тұрғындардан түскен хабарламалар басқа мемлекеттік органдарға жолданбай, бірден табиғат қорғау прокурорының қарауына түседі. Прокурор алдымен келіп түскен ақпаратты зерделеп, қандай шаралар қабылдау қажеттігін анықтайды.
Қадағалау органының мәліметінше, мұндай тәсіл ақпараттың сыртқа таралу қаупін азайтып, заңбұзушылықтардың объективті қаралуына және оларды жою бойынша бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Telegram-бот арқылы қандай заңбұзушылықтар туралы хабарлауға болады?
- Ағаштарды заңсыз кесу;
- Браконьерлік;
- Жердің бүлінуі;
- Пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру;
- Ауаның ластануы;
- Өзендер мен көлдердің ластануы.
Хабарлама жіберу үшін Telegram-ботты ашып, анықталған заңбұзушылықты сипаттау жеткілікті. Мүмкіндік болса, дәлел ретінде фото немесе бейнематериал тіркеуге болады.
Сервис тәулік бойы жұмыс істейді. Егер тұрғын жіберген ақпарат қосымша тексеруді қажет етсе, прокуратура тиісті мемлекеттік органдарды тартады. Ал қабылданған шаралардың нәтижесі прокурорлық бақылауда болады.
Тағы оқыңыз: Балалар арбасымен автобусқа кіруге тыйым жоқ – көлік министрі

