Қоғамдық көлікте балалар арбасымен жүруге ешқандай шектеу қойылмаған. Көлік министрі Әсел Жанасова әлеуметтік желіде осы мәселеге қатысты түсініктеме беріп, ата-аналарға үндеу жасады. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлады.
Әлеуметтік желіде автобусқа балалар арбасымен кіруге тыйым салынғаны жазбалар жиілеп кетті. Көлік министрі Әсел Жанасова әлеуметтік желіде осы мәселеге қатысты түсініктеме берді. Министрдің айтуынша, қоғамдық көлікте балалар арбасымен жүруге рұқсат етілген. Мүмкіндік болса, арбаны жинап қоюға болады. Алайда бала ұйықтап жатса немесе арбада отырса, қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, оны жиналмаған күйінде алып жүруге де болады.
«Ешкім ата-ананы кішкентай баласымен жүргені үшін арбасын жинауға немесе автобустан түсуге мәжбүрлей алмайды. Қоғамдық көліктің балалы отбасылар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болуы мен үшін аса маңызды. Бұл жалған ақпарат. Ешқандай шектеу жоқ, қойылмайды да», — деді министр.
Министр ата-аналардың өтініштері мен сауалдарын ескере отырып, қолданыстағы ережелерді қайта қарауға жіберу туралы шешім қабылдаған.
Тағы оқыңыз: «Қуаныш» ВК түркістандық «Тұраннан» басым түсті

