№15 сайлау округінен Петропавл қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Болат Қожахметов сайлауға нақты мақсатпен түсіп отыр. Ол Петропавлды дамыту бағдарламасын қайта қарауды, қала бюджетін қатаң бақылауға алып, оның тұрғындардың игілігіне тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді көздейді. Кандидаттың басым бағыттары – сапалы жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, аулаларды абаттандыру және жастарды қолдау. Тәжірибесі де аз емес. Соңғы үш жылда оның қатысуымен округтегі 30-дан астам көшеге асфальт төселіп, жаңа автобустар қатынай бастады, ондаған нысан абаттандырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Болат Тәшімұлы Қожахметов 1963 жылы дүниеге келген. Ленинград жоғары саяси училищесін бітірген. Бұл – офицер кадрларын даярлауға маманданған, әскери-саяси және тәрбие жұмысына басымдық берген әйгілі оқу орны. Кандидаттың айтуынша, осы оқу орнында алған тәлім-тәрбиесі мен әскери шыңдалуы оның тұлға және басшы ретінде қалыптасуына ықпал еткен. Ол ұжымдық жұмысты ұйымдастыруды, адамдарды тыңдай білуді, қоғамдық үдерістерді терең талдауды және күрделі, тосын жағдайларда оңтайлы шешім қабылдауды үйренген.
«Басшылық ету дегеніміз – тек тапсырма берумен шектелмейді. Ол – адамдарды түсіну, олардың мәселесін тыңдау және нақты мақсат төңірегіне топтастыра білу», – дейді депутаттыққа кандидат.
Бүгінде Болат Қожахметов – запастағы полковник. Ол өмірінің 30 жылдан астам уақытын Отанға қызмет етуге, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланға арнаған. Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің негізгі бөлімшелерін басқарған. Сонымен қатар жоғары әскери білім беру жүйесінде қызмет етіп, Петропавлдағы Ұлттық ұлан Әскери институтының әскери педагогика және психология кафедрасында жетекшілік еткен.
Әскери қызметін аяқтағаннан кейін де Қожахметов туған қаласындағы Әскери институтта еңбек етіп, жинаған тәжірибесін жас буынға беруді жалғастырды. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап ол Қазақстан Халық партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін нәтижелі атқарып келеді. Ал Петропавл қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаты ретінде Болат Қожахметов сайлаушылардың мәселелеріне бейжай қараған емес. Ол өз округі тұрғындарының мүддесін жүйелі түрде қорғап, әр мәселені дәлелмен көтеріп келеді. Қожахметов берік азаматтық ұстанымымен танылған. Петропавлдықтар үшін маңызды әрі күрделі мәселелерді көтеруден тартынбайды. Әр жағдайға қатысты нақты көзқарасы бар және тұрғындардың пайдасына шешім қабылдату үшін сындарлы жұмыс жүргізе біледі.
Жолдар, аялдамалар мен аулалар: үш жылда не өзгерді?
Болат Қожахметовтің депутаттық қызметі кезеңіндегі есебі атқарылған жұмыстың ауқымын аңғартады. Үш жыл ішінде округтегі 30-дан астам көшеге асфальт төселді.
-«Солнечный-1» шағын ауданында жеті көшенің жолы толық жаңартылып, тұрғындар көптен күткен автобус маршруты іске қосылды. Мұнда заманауи аялдамалар орнатылып, Сосновая көшесіндегі жылу желісі жөнделді. Бұдан бөлек, 20 миллион теңгеге жылу құдықтары мен жылу камералары қалпына келтірілді.
— «Солнечный-2» шағынауданындағы он көшеге асфальт төселіп, су ағатын арықтар ретке келтірілді. Қоғамдық көлік қатынасы жолға қойылып, жылы аялдамалар орнатылды.
— Новопавловкада спорт алаңы салынып, көшелер тегістелді және жол көрсеткіші орнатылды.
— Борки кентіндегі барлық көшеге асфальт төселді.
— «Орман» шағынауданында жаңа заманауи мектеп бой көтерді.
— Сондай-ақ Қизатов көшесі, 2 және Хименко көшесі, 7 мекенжайларындағы көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылды.
Болат Қожахметов бұл нәтижелерді депутаттық корпустың және тұрғындардың бірлескен жұмысының жемісі деп санайды. Ол алғашқы күннен бастап қала тұрғындарына бастамашыл топтар құруға, ресми өтініштерді талапқа сай рәсімдеуге көмектескен. Ал олардың талаптарын әкімдікке жолданған депутаттық сауалдар арқылы қолдап отырған.
«Мен әрдайым тұрғындардың бастамашыл топтарына сүйендім. Оларды дайындадым. Депутаттық сауал жолдап, белсенді азаматтарды әкімдікке бағыттадым. Осылайша, тұрғындардың өтініші бірнеше арна арқылы қатар көтерілді», – дейді кандидат.
Мұнда мәселе әрдайым нақты проблемаларды шешуге бағытталған. Ол арықтарды тазалау болсын, көшеге жарық шамдарын орнату болсын – барлығы да тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер. Осындай жүйелі жұмыс шағымдарды жинаумен ғана шектелмей, қалалық қызметтердің нақты әрекет етуіне мүмкіндік береді.
«Әрбір жүзеге асқан жобаның артында тұрғындардың өтініштері, бастамашыл азаматтар мен топтардың табандылығы, қоғамдық бақылау және халықтың депутатпен, атқарушы органдармен тұрақты байланысы тұр», – деп атап өтті Қожахметов.
Дегенмен кандидат сайлаушыларға әлі де шешімін күткен мәселелер бар екенін жасырмайды.
«Солнечный-1» шағынауданында нөсер суын ағызу жүйесіне қатысты түйткілдерді шешу, балалар және спорт алаңдарын салу, көшелерді жөндеуді аяқтау қажет. «Солнечный-2» аумағында жол жөндеу жұмыстарын жалғастырып, су бұру жүйесін дамытып, электрмен жабдықтау мәселелерін реттеу керек. Ал Новопавловкада кешенді абаттандыру жұмыстарын одан әрі жүргізу қажет», — деді кандитат.
Қожахметов жинаған мол тәжірибесін мәслихаттың жаңа шақырылымында да пайдалануды көздейді. Алайда ендігі міндет бұдан да ауқымды. Жекелеген көшелерді жөндеумен шектелмей, Петропавл қаласын дамытудың стратегиялық жоспарына тікелей араласу.
Кандидат қандай өзгерістер ұсынады?
Болат Қожахметовтің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтар мыналар:
— жолдарды, тротуарлар мен су ағатын арықтарды сапалы жөндеу;
— жеке секторды толықтай көше жарығымен қамтамасыз ету;
— балалар және спорт алаңдарын орнату арқылы аулаларды абаттандыру;
— қаланы көгалдандыру жұмыстарын кеңейту;
— рұқсат етілмеген қоқыс орындарымен ымырасыз күресу.
Кандидат жол құрылысының сапасына айрықша мән береді. Оның пікірінше, асфальттау жұмыстары бірнеше айға емес, ұзақ жылдарға есептелуі керек. Жол әр көктем сайын қайта жөндеуді қажет етпей, кемінде 5–10 жыл бойы пайдалануға жарамды болуы тиіс.
«Егер жолға асфальт төсесек, оны 5–10 жылға шыдайтындай етіп жасауымыз керек. Жыл сайын қайта оралып, ағымдағы жөндеу жүргізбеуіміз қажет», – деп атап өтті кандидат.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында Қожахметов басқару жүйесіне цифрлық технологияларды енгізуді қолдайды. Сонымен қатар коммуналдық қызметтердің жұмысын барынша ашық ету, пәтер иелері кооперативтерінің қызметін жаңғырту және халықтың өзін-өзі басқару институттарын дамыту қажет деп есептейді.
Тағы бір маңызды бағыт – студент жастарды қолдау. Кандидат Петропавл жастарын қаланың қоғамдық өміріне белсенді тартуды жоспарлап отыр. Бұл ретте өзі өкілдік ететін округ аумағында орналасқан оқу орындарының әлеуетіне сүйенбек. Олардың қатарында педагогикалық колледж, қызмет көрсету саласының колледжі және университет бар.
«Менің округімде педагогикалық колледж, қызмет көрсету колледжі және университет орналасқан. Осы оқу орындарындағы студенттердің әлеуетін қаланың қоғамдық өміріне пайдалануымыз керек», – дейді кандидаттың командасы.
Басты міндет – қала бюджетін тиімді басқару
Болат Қожахметовтің жаңартылған ұстанымындағы басты ерекшелік – жекелеген шағынаудандардағы мәселелерді шешумен шектелмей, қалалық бюджетті қалыптастыру мен Петропавлдың даму жоспарын әзірлеуге тікелей қатысу.
Кандидат Мемлекет басшысының Жолдауына сүйенеді. Онда ірі қалалар ел экономикасының өсуіне серпін беретін негізгі орталықтар ретінде айқындалған. Қожахметовтің пікірінше, Петропавл жаңа инвестицияларды тартуға және бюджет мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға толық дайын болуы керек.
«Менің міндетім – бюджеттік бағдарламалармен жұмыс істеу. 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспары Президенттің талаптарына толық сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан жаңа жоспар әзірлеп, тың бағдарламалар қабылдау қажет», – дейді Болат Қожахметов.
Кандидаттың негізгі бастамаларының қатарында қаланың виртуалды моделін жасау және Петропавлдың егжей-тегжейлі әлеуметтік-экономикалық паспортын әзірлеу бар. Бұл заманауи құралдар әр шағын ауданның нақты қажеттілігін жан-жақты саралауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, инфрақұрылымды демографиялық ахуалды ескере отырып жоспарлауға жол ашады.
Мәселен, белгілі бір ауданда туу көрсеткіші өсіп, бала саны көбейсе, мектеп салу мәселесі бюджетке алдын ала енгізілуі тиіс. Яғни, инфрақұрылым халықтың нақты сұранысына сай дамуы керек. Болат Қожахметов Петропавлдағы барлық бюджеттік бағдарламаның қала тұрғындарының мүддесіне сай болуын талап етпек. Ал бөлінген қаражаттың игерілуі мен жоспарланған жұмыстардың орындалуы тұрақты әрі қатаң қоғамдық бақылауда болуы қажет деп санайды.
Бағдарламаның аясынан тыс қалмайтын мәселелер
Болат Қожахметовтің өткен үш жылдағы жұмысы мен алдағы жоспарларын салыстырсақ, оның негізгі ұстанымдары өзгермегенін байқауға болады. Жол, абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және қала тұрғындарының мүддесін қорғау – депутаттық қызметінің басты бағыттары болып қала береді. Бұған дейін көтерілген, бірақ толық шешімін таппаған мәселелер жаңа бағдарламаның жалғасы ретінде қарастырылған.
Ал алдағы кезеңдегі басты жаңа бағыт – қала бюджетін қалыптастыруға және Петропавлды дамытудың стратегиялық құжаттарын әзірлеуге белсенді қатысу. Бұл – жауапкершіліктің әлдеқайда жоғары деңгейі.
Әскери қызметте шыңдалған, депутаттық және қоғамдық жұмыста тәжірибе жинақтаған Болат Қожахметов осы әлеуетін қала игілігіне жұмсауды көздейді.
Петропавлды дамытудың жаңа жоспарын әзірлеу, қаланың виртуалды моделін жасау және әлеуметтік-экономикалық паспортын енгізу – кандидаттың жаңа шақырылымдағы мәслихатта тұрғындардың мүддесін қорғау жолында алға қойған ауқымды мақсаттары.
Дайындаған: «Qazaqstan Media» ЖШС, Петропавл қаласы, Брусиловский көшесі, 63/13.
Тапсырыс беруші: депутаттыққа кандидат Б.Т. Қожахметов.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.
Тағы оқыңыз: Депутаттыққа үміткер Лаура Қайыржанова қоғамдағы мәселелерді тұрғындармен бірлесе шешу керек деп есептейді

