Қала мен ауылдардағы инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік мәселелерді шешу және халықпен ашық диалог орнату. Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының № 15 бірмандаттық сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидат Қайыржанова Лаура Советқызы осындай басымдықтарды айқындап отыр. Оның сайлауалды бағдарламасы тұрғындардың күнделікті тұрмысында кездесетін мәселелерді шешуге және қоғамның тұрақты дамуына бағытталған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қайыржанова Лаура Советқызы 1969 жылы дүниеге келген. «Химия және биология», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Биология ғылымдарының кандидаты, Ph.D докторы, ҚазАЖҒ академигі. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры қызметін атқарады.
Туған қаланың дамуына үлес қосып, тұрғындардың мүддесін қорғау – депутаттыққа кандидаттың сайлауға қатысу туралы шешіміне негіз болған басты себеп. Оның айтуынша, депутат болу – зор мәртебе ғана емес, халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуді талап ететін міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қалалардың экономикалық, білім беру және технологиялық дамудың негізгі орталығына айналғанын атап өтті. Мықты қалалар – қуатты өңірлердің, ал қуатты өңірлер – күшті мемлекеттің тірегі. Осы қағиданы ұстанған Лаура Қайыржанова қаланың дамуы тұрғындардың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістерден басталуы керек деп есептейді.
Жол, су, жарық – қала тіршілігінің негізгі тірегі
Сайлауалды бағдарламаның басты бағыттарының бірі – қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңарту. Әсіресе сайлау округінің шағын аудандарындағы мәселелерге басымдық берілмек. Үміткер автомобиль және жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу жұмыстарын жалғастыруға , көшелерді жарықтандыру және заманауи аялдама павильондарын орнатуға ықпал етуді көздейді . Сонымен қатар инфрақұрылымдық жобалардың сапасы мен белгіленген мерзімде орындалуына бақылау жүргізу аса маңызды.
Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйі, коммуналдық қызметтердің сапасы мен қоғамдық көліктің қолжетімділігі де тұрғындар үшін өзекті. Бұл мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды көтеріп, олардың жүзеге асуына ықпал ету – кандидаттың негізгі міндеттерінің бірі.
Жайлы аула – қауіпсіз әрі көрікті қала
Қала тұрғындары үшін үйінің айналасы таза, жарық әрі қауіпсіз болғаны маңызды. Осы мақсатта аулаларды кезең-кезеңімен абаттандыру, жасыл желектерді көбейту, саябақтар мен отбасылық демалыс орындарын дамыту жоспарланған. Қалалық орта балаларға, жастарға, еңбек ететін азаматтарға және аға буын өкілдеріне бірдей қолайлы болуы тиіс. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға қажетті жағдай жасауға басымдық беріледі.
Әлеуметтік инфрақұрылым – халықтың әл-ауқатының негізі
Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларының дамуы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан қаладағы әлеуметтік нысандарға деген қажеттілікті уақытылы анықтау, қолданыстағы мектептерді, балабақшаларды және медициналық мекемелерді жаңғырту мәселелерін көтеру көзделген. Бұдан бөлек, аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын ұстануына, қоғамдық ортада араласуына және бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беретін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын құруға ықпал ету жоспарланып отыр.
Экономикалық өркендеу – жаңа мүмкіндіктерге жол
Қуатты экономика тұрақты табыс пен жұмыспен қамтудың негізін қалайды. Сайлауалды бағдарламада шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау мәселелері қамтылған.
Өңір экономикасының сұранысына сай кәсіптік білім беру мен кадрлар даярлауды қолдау, жастардың жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейту де назардан тыс қалмайды. Бұл бағыттағы бастамалар еңбек нарығының қажеттіліктерін ескеріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған.
Цифрлық шешімдер мен ашық басқару
Қазіргі қаланың тиімді дамуы заманауи басқару тәсілдерін талап етеді. Осыған байланысты қалалық шаруашылыққа цифрлық шешімдерді енгізу, бюджетті жоспарлаудың ашықтығын арттыру және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына бақылауды күшейту ұсынылған. Сондай-ақ, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына қоғамдық мониторинг жүргізу бастамаларын қолдау көзделген. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – басқару жүйесінің ашықтығын арттырып, тұрғындардың сенімін нығайту.
Халықпен байланыс – жұмыстың басты қағидасы
Лаура Қайыржанова тұрғындардың пікірін ескермей, олардың мүддесіне қатысты шешім қабылдау мүмкін емес деп санайды. Сондықтан сайлау округінің шағын аудандарында тұрақты кездесулер өткізу, азаматтардың өтініштерімен жүйелі жұмыс жүргізу және олардың қаралу барысын бақылау жоспарланған. Тұрғындардың бастамашыл топтарымен, қоғамдық бірлестіктермен өзара байланыс орнату да маңызды. Өйткені қаланың дамуы мен өзекті мәселелердің шешілуі қоғам мен мемлекеттік органдардың бірлескен әрекетіне байланысты.
Кандидаттың басты мақсаты – Петропавл қаласының даму көрсеткіштері тұрғындардың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістермен ұштасуы. Жөнделген жолдар, жарық көшелер, абаттандырылған аулалар, қолжетімді әлеуметтік қызметтер мен қауіпсіз қоғамдық орта – қаланың дамуының негізгі көрсеткіштері.Бұл ретте депутаттың, тұрғындардың, жергілікті атқарушы органдар мен полицияның өзара үйлесімді жұмысы ерекше маңызға ие. Ортақ жауапкершілік пен өзара сенім арқылы ғана қаланың әлеуетін арттырып, туған өлкенің экономикалық өркендеуіне жол ашуға болады.
Тұрғындардың мүддесін қорғау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру – мәслихат депутатының негізгі міндеті
Қайыржанова Лаура Советқызы депутат болып сайланған жағдайда, өзінің білімі мен кәсіби тәжірибесін округ тұрғындарымен бірлесе отырып, ортақ мәселелерді шешуге бағыттауға дайын.
Оның сайлауалды бағдарламасының түпкі мақсаты – халықпен тұрақты байланыс орнату, тұрғындардың ұсыныстарын ескеру және Петропавл қаласының дамуына нақты үлес қосу.
Дайындаған: «QazaqstanMedia» ЖШС, Петропавл қаласы, Брусиловский көшесі, 63/13.
Тапсырыс беруші: депутаттыққа кандидат Л. С. Қайыржанова
Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.
Тағы оқыңыз: Қазақ тілін дамытуда жасандылыққа жол бермеу керек — Тоқаев

