Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында қазақ тілінің қазіргі жағдайы, сөздік қордың дамуы және жаңа терминдерді қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Президент кейбір жасанды аудармалардың қолданысқа ену қажеттілігіне күмән келтіріп, тіл саласындағы өзекті мәселелерді кәсіби мамандармен бірлесе талқылауды ұсынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ тілі соңғы жылдары жаңа ұғымдармен толығып, көптеген сөз күнделікті қолданысқа енді. Олардың қатарында «тұжырымдама», «қағидат», «шәкіртақы», «еңбек өтілі», «тыңайтқыш», «жанармай», «бітімгерлік күштер», «ғарыш», «ғаламтор», «жасанды сана» сияқты сөздер бар. Президент мұны тілдің дамуы мен сөздік қорының байи түсуіндегі оң өзгеріс ретінде бағалады. Алайда Мемлекет басшысы кез келген жақсы бастаманың да шегі болуы керектігін атап өтті. Оның пікірінше, кейбір сөздердің қазақша баламасын жасауда табиғилық пен қолданыс қажеттілігі ескерілуі тиіс.

Мәселен, «күйсандық», «қылтима», «субұрқақ», «себезгі», «қырыққабат», «үнқағаз», «жеделсаты», «желкөз» секілді атаулардың қаншалықты қажет екені әлі де талқылауды талап етеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев дін саласында да тілдік қолданысқа назар аударды. Соңғы уақытта қазақтың байырғы діни атауларының орнына араб сөздерін жиі қолдану үрдісі байқалатынын айтып, мұндай өзгерістердің қажеттілігіне күмән келтірді.

Президент тіл мәселесіне қатысты шешімдер кәсіби ғылыми талдауға сүйенуі керектігін жеткізді. Сондай-ақ тіл ғылымына арналған, баршаға қолжетімді әмбебап цифрлық жүйе әзірлеудің маңызын атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін құрамына тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Оның қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктелмек.

«Қазақ тілін дамытуда ғылыми негіз, қоғамдық сұраныс пен тілдің табиғи болмысын қатар ескеру қажет», — деді Президент.

Тағы оқыңыз: Үш солтүстікқазақстандық құтқарушы ел құрамасы сапында әлем чемпионатында топ жарды

Поделиться:

Shares