Қазақстанның өрт-құтқару спорты құрамасы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, әлемдік рекорд орнатты. Ұлттық құрама сапында Солтүстік Қазақстан облысының ТЖД қызметкерлері де өнер көрсетті. Олар халықаралық додада ел намысын қорғап, ел жеңісіне үлес қосты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Әзірбайжан астанасы Бакуде өрт-құтқару спорты бойынша ерлер арасындағы XXI және әйелдер арасындағы XII әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге 17 елдің құрамасы қатысып, күш, жылдамдық пен кәсіби шеберліктерін сынға салды. Қазақстандық спортшылар чемпионатта жоғары нәтиже көрсетті. Ерлер құрамасы «Жауынгерлік қанат жаю» дисциплинасында тапсырманы 24,52 секундта орындап, алтын медаль иеленді. Сонымен қатар, әлемдік рекорд жаңартты. Екінші орын Моңғолия құрамасына бұйырса, үшінші сатыға Өзбекстан спортшылары көтерілді.
Әйелдер құрамасы да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қазақстандық қыздар осы дисциплинада 25,41 секунд нәтижесімен қола медаль жеңіп алды. Алтын жүлде Ресей, күміс Беларусь құрамасына бұйырды. Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Жерлестеріміз халықаралық аренада ел абыройын асқақтатқан ұлттық құраманың сапында лайықты өнер көрсетті.
«Қазақстан құрамасының сапында Солтүстік Қазақстан облысының ТЖД қызметкерлері Жасұлан Қайсарбеков, Ансар Шамшоллаев және Илья Денисенко болды. Олар әлем чемпионатында ел намысын қорғап, команданың табысына өз үлестерін қосты», — деп хабарлайды СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Шавкат Рахмонов UFC октагонына қашан оралады?

