Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың октагонға 2027 жылдың ақпан немесе маусым айында оралуы мүмкін. Спортшы соңғы күндері әлеуметтік желіде жаттығу барысымен бөлісіп, күн сайын күшейіп келе жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлайды.
Қараша айының басында қазақстандық файтердің тізесінен қайта жарақат алғаны туралы ақпарат тараған еді. Әлеуметтік желілерде оның тізесі ауыр жүктемеге шыдамай, жаттығу тоқтар қалғаны жазылды. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ. Сегізінші қарашада Шавкат Рахмонов әлеуметтік желісіндегі парақшасында жаттығу барысы туралы жазба жариялады.
«Тағы бір апта ауыр жаттығулар артта қалды. Күн сайын күшейіп келемін», – деп жазды спортшы.
Сондай-ақ ол Instagram парақшасындағы жазбасында 2027 жылы октагонға оралуға үмітті екенін жеткізді. Осылайша, файтердің жаңа жарақат алғаны туралы қауесетті жоққа шығарды.
Шавкат Рахмоновтың соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың жетінші желтоқсанында UFC 310 турнирінде өтті. Ол ирландиялық Иэн Мачадо Гэрримен кездесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Осылайша, кәсіби мансабындағы жеңіліссіз сериясын жалғастырды. Қазіргі рекорды – 19 жеңіс, 0 жеңіліс.
Алайда жекпе-жектен кейін спортшының тізесіндегі жарақаты қайта сыр берді. 2026 жылдың қаңтарында оған тағы да операция жасалды. Ақпан айында оның менеджері қалпына келу кезеңіне байланысты спортшының бірнеше ай бойы жарысқа қатыса алмайтынын хабарлаған болатын.
2026 жылдың шілдесінде Шавкаттың бапкері Эдуард Базров файтердің жағдайына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, спортшы әзірге күніне бір рет жаттығып, физикалық дайындық пен боксқа басымдық беріп жүрген. Бапкер ақпан айында жекпе-жекке шығуға дайын болуы мүмкін екенін де айтқан. Дегенмен нақты мерзім қалпына келу барысына байланысты екенін атап өтті.
Қарсыласы кім болуы мүмкін?
Әзірге Шавкат Рахмоновтың келесі жекпе-жегінің нақты күні мен қарсыласы жарияланған жоқ. Бапкерінің сөзінше, октагонға оралған бойда ол жартылай орта салмақтағы үздік ондықтың, тіпті үздік бестіктің өкілдерімен кездесуі мүмкін. Бұған дейін спортшының есімі бірнеше файтермен қатар аталғанымен, олардың ешқайсысымен жекпе-жек ресми бекітілмеді. Сондықтан қарсыласы туралы тараған болжамдарға әзірге нақты ақпарат ретінде қарауға болмайды. Қазіргі уақытта Шавкат Рахмоновтың басты міндеті – жарақатынан толық айығып, бұрынғы спорттық бабына оралу.
Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы эквадорлық Майкл Моралес болуы ықтимал. Екі спортшының да кәсіби рекорды – 19 жеңіс, 0 жеңіліс. Бұл кездесуге қатысты әңгіме спортшылардың өзара қызығушылығынан кейін күшейе түсті. Қазан айында Шавкат Рахмонов әлеуметтік желіде «19-0 vs 19-0» деген жазба жариялап, жеңіліссіз сериясы бар қарсыласпен кездесуге дайын екенін аңғартты. Майкл Моралес те қазақстандық файтермен жекпе-жек өткізуге қызығушылық білдірген.
UFC президенті Дана Уайт та мұндай кездесудің өту мүмкіндігін жоққа шығармады. Ал Шавкаттың бапкері Эдуард Базров эквадорлық спортшыны лайықты қарсылас ретінде бағалаған.
Тағы оқыңыз: Қызылжар ауданында екінші агросынып ашылды

