Тұрақты сумен қамтамасыз ету, коммуналдық желілерді жөндеу, су басу мәселесін шешу, аулалардың қауіпсіздігін арттыру және көшелерді таза ұстау. Бұл – Петропавл қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер Виталий Холошаның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттар. Ол № 10 бірмандаттық сайлау округі бойынша «ӘДІЛЕТ» партиясының атынан сайлауға түсіп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Виталий Холоша 1985 жылы 27 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Архангельское ауылында дүниеге келген. Қазір Петропавл қаласында тұрып, еңбек етеді.
Оның энергетика және коммуналдық шаруашылық саласындағы еңбек өтілі 18 жылдан асады. 2008 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Электр оқшаулау, кабель және конденсатор техникасы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Омбы мемлекеттік қатынас жолдары университетінде «Өнеркәсіптік жылу энергетикасы» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алған.
Еңбек жолын Петропавл ауыр машина жасау зауытында инженер-энергетик болып бастаған. 2009 жылдан бері «Петропавл жылу желілері» ЖШС-де жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде бақылау-өлшеу аспаптары тобының жетекшісінен өндіріс жөніндегі бас директордың бірінші орынбасарына дейін көтерілді. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап кәсіпорынның бас директоры міндетін атқарып келеді.
Үміткердің айтуынша, энергетика саласындағы көпжылдық тәжірибесі оған қала шаруашылығындағы мәселелерді жақсы түсінуге мүмкіндік берген. Сондықтан ол әрбір мәселенің техникалық себебін анықтап, оны түбегейлі шешу маңызды деп санайды.
«Энергетика саласындағы кәсіби тәжірибем қала шаруашылығының қалай жұмыс істейтінін терең түсінуге көмектесті. Өндірісте жүріп әр істі техникалық дәлдікпен атқаруды, қатаң тәртіп сақтауды үйрендім. Ең бастысы, мәселені уақытша шаралармен бүркемелемей, оның түпкі себебін жою қажет екенін түсіндім», – дейді Виталий Холоша сайлауалды бағдарламасында.
Ауызсу және коммуналдық желілер
Үміткер 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға ерекше мән берген.
Ол № 10 сайлау округіндегі әбден тозған су құбырларын қалалық күрделі жөндеу бағдарламасына енгізуге күш салмақ. Сондай-ақ жеке тұрғын үй секторындағы су тарату колонкаларының уақытылы жөнделіп, үздіксіз жұмыс істеуін назарда ұстауды жоспарлап отыр.
Кәріз желілерінің жағдайы да назардан тыс қалмайды. Виталий Холоша құбырларды жүйелі түрде тазалап, шаюды және апатты учаскелерді күрделі жөндеуді ұсынады. Оның пікірінше, коммуналдық желілердегі ақауларды алдын ала анықтап, дер кезінде жөндеу қажет.
Су басу мәселесін шешу және көшелерді таза ұстау
Сайлауалды бағдарламада жаңбырдан кейін көшелер мен аулаларды су басу мәселесіне де басымдық берілген.
Үміткер су жиі жиналатын көшелерді, аулаларды және ойпаң жерлерді мұқият тексеруді ұсынады. Оның ойынша, арықтар мен су ағатын арналарды жүйелі түрде тазалау керек. Сонымен қатар жаңбыр суын ағызатын жаңа жүйелер салу қажет.
Виталий Холоша қаланың қысқы тазалығына да көңіл бөлмек. Ол жолдар мен тротуарларды, жеке тұрғын үй секторындағы көшелерді қар мен мұздан уақытылы тазартуға, жиналған қарды дер кезінде шығаруға ықпал етуді көздейді.
Сондай-ақ көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп ұстауға жауапты мердігер ұйымдардың жұмысын бақылауды күшейтпек.
Балалардың қауіпсіздігі және қаңғыбас жануарлар мәселесі
Виталий Холошаның сайлауалды бағдарламасындағы тағы бір маңызды бағыт – тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігі. Ол мектептер, балабақшалар мен тұрғын үйлер маңында қаңғыбас иттердің топтасуына жол бермеу керек деп есептейді.
Үміткер қараусыз жүрген жануарларды аулауға қатысты өтініштердің орындалуын тұрақты бақылауды ұсынады. Бұл ретте жануарларға ізгілікпен қарау, оларды стерилизациялау және чиптеу талаптары сақталуы тиіс. Оның пікірінше, жауапты мекемелер тұрғындардың шағымдарына дер кезінде әрекет етуі қажет. Әсіресе балалар көп жүретін аумақтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек.
Тұрғындарды қолдау және ашық диалог
Үміткер пәтер иелерінің заңды мүдделерін қорғауды да маңызды міндет санайды. Ол мүлік иелері бірлестіктеріне және көпқабатты тұрғын үйлерді басқару органдарына қолдау көрсетуге ниетті.
Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңартуға және аулаларды абаттандыруға қаржы тартуға ықпал етпек.
Виталий Холоша депутаттық қызметтің басты қағидасы халық алдындағы жауапкершілік болуы тиіс деп есептейді.
Ол өз бағдарламасында үш негізгі ұстанымды атап көрсеткен. Олар – кәсібилік пен дәлдік, тәртіп пен жеке бақылау және тұрғындармен ашық байланыс орнату.
«Инфрақұрылым саласында жылдар бойы қордаланған мәселелерді бір күнде шешу мүмкін емес екенін жақсы түсінемін. Бірақ мен оларды кезең-кезеңімен шешуге, округ тұрғындарының мүддесін қорғауға және әр сөзімді нақты іспен дәлелдеуге дайынмын», – дейді үміткер сайлаушыларға арнаған үндеуінде.
Кандидат тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тұрақты түрде қарауға, округтегі өзекті мәселелерді талқылауға және жоспарланған жұмыстардың орындалуын бақылауға уәде береді.
Оныншы сайлау округінің тұрғындарына арнаған үндеуінде Виталий Холоша Петропавлдың ең басты байлығы – оның халқы екенін атап өткен. Сондықтан ол депутаттық қызметінде тұрғындардың күнделікті өмірін жақсартуға, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға басымдық бермек.
Дайындаған: «QazaqstanMedia» ЖШС, Петропавл қаласы, Брусиловский көшесі, 63/13.
Тапсырыс беруші: депутаттыққа кандидат В. В. Холоша.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.

