Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату тәртібі нақтыланды. Қорғаныс министрлігі әскери есепке қою мен әскери билет беруге қатысты қолданыстағы қағидаларға өзгерістер енгізді. Жаңа құжатта әскерге баруды кейінге шегеруге құқығы бар азаматтардың санаттары мен әскери қызметтен босатудың негіздері көрсетілген. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлайды.

Жаңа талаптарға сәйкес, отбасылық жағдайына байланысты әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға құқығы бар азаматтардың қатарына жақын туыстарына тұрақты күтім жасайтын адамдар кіреді. Бұл ретте күтімді қажет ететін туыстары мемлекеттік қамқорлықта және оларға қарайтын басқа жақын туыстары болмауы керек.

Сондай-ақ бір немесе бірнеше баланы анасыз жалғыз тәрбиелеп отырған әкелерге, заңды некеде тұрып, баласы бар ер азаматтарға кейінге қалдыру қарастырылған. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған адамдарды кемінде екі жыл бойы тәрбиелеп, асыраған азаматтар да осы құқықты пайдалана алады.

Бұдан бөлек, білім алып жүрген жастар оқу мерзімі аяқталғанға дейін, ал денсаулығына байланысты әскери қызметке уақытша жарамсыз деп танылғандар медициналық қорытындыда белгіленген мерзімге кейінге қалдыру ала алады. Жеңілдік кәсіби қызметіне байланысты бірқатар азаматтарға да беріледі. Олардың қатарында білім беру ұйымдарының педагогтері, ауылдық жерде мамандығы бойынша тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлер, азаматтық авиация қызметкерлері мен кеме экипажының мүшелері бар.

Құрылтай және мәслихат депутаттары, сондай-ақ құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында бастапқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқандар да осы санатқа әскерге бармауға құқылы. Ал мерзімді әскери қызметтен босатылатын азаматтардың қатарына денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылғандар, заңда белгіленген негіздер бойынша 27 жасқа дейін әскерге шақырылмағандар, басқа мемлекетте әскери немесе баламалы қызмет өткергендер жатады.

«Сонымен қатар әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде жақын туысы қаза тапқан немесе қайтыс болған азаматтар, ғылыми дәрежесі бар адамдар мен тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері де әскерден босатылады Айта кетейік, кейінге қалдыру әскери қызметтен толық босатуды білдірмейді. Ол тек заңда көзделген негіздер бойынша және белгілі бір мерзімге беріледі. Ал әскери қызметтен босату – азаматты мерзімді әскери міндетті атқарудан заңды негізде босату», — деп хабарлады Қорғаныс Министрлігі.

Тағы оқыңыз: СҚО-да 42 мыңнан астам адам тұмауға қарсы екпе алды

Поделиться:

Shares