Солтүстік Қазақстан облысында тұмауға қарсы вакцинация жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 42 231 адам екпе алды. Өңірге барлығы 60 мың доза вакцина сатып алынған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Облыста тұмауға қарсы екпе егу науқаны 6 қазанда басталды. Ол үшін Ресейде өндірілген «Гриппол Плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды.

Вакцина бірінші кезекте ауру жұқтыру қаупі жоғары тұрғындарға арналған. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, созылмалы аурулары бар адамдар, жүкті әйелдер, қарттар және балалар бар. Сондай-ақ диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлері мен қарттар үйлерінің тұрғындары, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету мекемелеріндегі азаматтар да екпе ала алады.

Тұмауға қарсы вакцина тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханаларда тегін салынады.

Қазір өңірде сатып алынған 60 мың дозаның 42 231-і егілген. Бұл жоспарланған көлемнің шамамен 70 пайызы. Мамандар тұмаудың асқынуы өкпенің қабынуына әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан әсіресе қауіп тобындағы адамдарға вакцина алу маңызды.

Айта кетейік, облыста 1 қазаннан бері 14 327 адам жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырған. Соңғы бір аптада 2 569 адам ауырған. Ал биылғы эпидемиялық маусымда тұмау жұқтыру дерегі әзірге тіркелген жоқ.

Тағы оқыңыз: Петропавлда манипуляторды тонап, гараждарды бұзған ұрлықшы ұсталды

Поделиться:

Shares