Петропавлда автокран-манипулятордың кабинасынан құрал-саймандар мен техникалық жабдықтарды ұрлаған күдікті ұсталды. Бұған дейін ол қалада тағы үш ұрлық жасаған. Қылмыстардың ашылғанына ырза болған жәбірленуші полицейлерге алғысын білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қала тұрғыны автокран-манипуляторын демалыс күндері Алматы көшесіндегі аулалардың біріне қалдырған. Көлікке қайта келгенде жүргізуші орындығы жағындағы әйнектің сынғанын байқайды. Кабинадан құрал-саймандар жиынтығы, монитор мен салқындату жүйесінің реттегіші жоғалған. Осыдан кейін ол полицияға жүгінген.
Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары қалада тағы үш ұрлықтың болғанын анықтады. Күдікті түнгі уақытта «Океан» дүкені маңындағы екі гараж бен жертөлені тонаған. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп, полиция есебінде тұрған адамдарды тексерген криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады.
Ол – мүлікке қатысты қылмыстар үшін бұрын сотталған 36 жастағы петропавлдық. Ер адам жазасын өтеу мекемесінен биыл шілдеде босап шыққан. Қазір қамауда отыр.
«Қазір төрт ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Манипулятордан ұрланған мүліктің бір бөлігі тәркіленді. Тергеу аяқталған соң заттар иесіне қайтарылады Айта кетейік, өңірде жыл басынан бері ұрлық деректері 14,7 пайызға азайған», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жыл басынан бері 513 келі есірткі тәркіленді

