Солтүстік Қазақстан облысында үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басқосуы өтті. Жиында қоғамдық бірлестіктер жыл бойы атқарған жұмыстарын таныстырып, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда белсенділік танытқан ұйымдар марапатталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Басқосуға өңірдің әр ауданынан келген белсенділер мен Ақмола облысынан арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Олар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу, әлеуметтік бастамаларды қолдау және азаматтық белсенділікті арттыру бағытындағы жұмыстарын ортаға салды.

«Мұндай кездесулер ұйымдардың тәжірибе алмасуына және жаңа жобаларды қолға алуына мүмкіндік береді. Жиын аясында «Үздік ҮЕҰ» және «Үздік ауылдық ҮЕҰ» байқауларының жеңімпаздары да марапатталады. Оларға 250 мың, 150 мың және 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды», — деді СҚО ҮЕҰ ресурстық орталығының жетекшісі Лидия Грабарь.

Марапатқа ие болған ұйымдардың бірі – Тимирязев аудандық ардагерлер кеңесі. Бірлестікке 2023 жылдан бері Сайран Байдалина жетекшілік етеді. Оның бастамасымен ауданда «Белсенді ұзақ өмір» жобасы қолға алынып, қарттарға арналған «Зерде» кітап клубы мен тоғызқұмалақ секциясы ашылған.

Бүгінде зейнеткерлер түрлі мәдени және спорттық шараларға қатысып, кітап оқып, жастармен кездесулер өткізеді. Бұл бастамалар аға буынның белсенді өмір салтын ұстануына және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етіп келеді.

«Егде жастағы адамдардың бос уақытын тиімді өткізуі маңызды. Сондықтан оларды түрлі байқаулар мен жобаларға тартуға тырысамыз. Негізгі мақсатымыз – аға буынның өмір сүру сапасын арттырып, жастарға үлгі көрсету. Бүгінгі кездесуде басқа ұйымдардың жұмысымен танысып, өзімізге қажетті тәжірибе жинадық. Енді алған ақпаратты әріптестерімізбен бөлісеміз», – деді Тимирязев аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сайран Байдалина.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым бар. Олар жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар 100-ден астам ірі жобаны жүзеге асырған. Қоғамдық бірлестіктердің жұмысы халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге, азаматтық бастамаларды қолдауға және өңірдің дамуына үлес қосуға бағытталған.

Тағы оқыңыз: Қытай инвесторы облыста пестицидтер мен тыңайтқыштар өндіретін зауыт салмақшы

Поделиться:

Shares