28 қазаннан бастап Қазақстанда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге және докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау басталады. Құжаттарды онлайн түрде Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты арқылы тапсыруға болады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Шығармашылық дайындықты қажет ететін магистратура бағдарламаларына түсушілер құжаттарын 28 қазан мен 10 қараша аралығында тапсыруы керек. Құжаттар жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларында қабылданады.

«Докторантураға түсуге ниетті талапкерлер алдымен жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына қажетті құжаттарын өткізуі керек. Сондай-ақ олар мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын ҚАЗТЕСТ сертификатын және шет тілін білетінін растайтын сертификатты ұсынуы тиіс», — деп хабарлады министрлік.

Ал TOEFL ITP сертификаты бар талапкерлер докторантураға түсу емтиханы басталғанға дейін ағылшын тілінен қосымша тестілеуден өтеді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда азаматтық істер саны 28,4 пайызға артты

Поделиться:

Shares