Солтүстік Қазақстан облысында 11 мыңнан астам тұрғын жұмыссыз. Алайда олардың жартысына жуығы ғана мансап орталықтарында ресми тіркелген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының мәліметтерінде айтылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызды құрады. Бұл республикалық көрсеткіштен төмен. Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға жеткен.

Ресми деректерге сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында 11,1 мың адам жұмыссыз деп есептеледі. Ал 1 қазандағы жағдай бойынша мансап орталықтарында жұмыссыз ретінде 5 237 тұрғын тіркелген.

Екі көрсеткіштің айырмашылығы бар. Статистика жұмыс іздеп жүрген және еңбек етуге дайын азаматтарды есепке алады. Ал мансап орталықтарының мәліметінде тек ресми тіркелген адамдар көрсетіледі.

Жалпы Қазақстан бойынша 2026 жылдың екінші тоқсанында 444,6 мың адам жұмыссыз болған. Елімізде 9,4 миллионға жуық тұрғын еңбек етеді. Олардың 7,3 миллионы жалдамалы қызметкер болса, 2,1 миллионы өз бетінше табыс табады.

Ең көп адам сауда, білім беру, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді.

Тағы оқыңыз: Байлар жәрдемақы алмайды: Үкімет әлеуметтік төлемдерді қысқарту арқылы 700 млрд теңге үнемдемек

Поделиться:

Shares