Облыстық сайлау комиссиясы 13 қазанда сайлауға дайындықтың күнтізбелік жоспарын бекітті. Құжатта кандидаттарды ұсыну, тіркеу, үгіт-насихат жүргізу және дауыс беру мерзімдері көрсетілген.
Кандидаттар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер арқылы, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну жолымен сайлауға қатыса алады. Партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-де аяқталады.
Тіркелгенге дейін кандидаттар мен олардың жұбайлары 1 қазандағы жағдай бойынша активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруы тиіс.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 1 қараша күні сағат 18:00-ден кейін басталып, 28 қарашада сағат 00:00-де аяқталады. Осы уақыт аралығында кандидаттар сайлаушылармен кездесіп, өз бағдарламаларын таныстыра алады.
Ал 13 қарашадан бастап тұрғындар сайлау учаскелеріндегі тізімнен өздерін тексере алады. 18 қарашаға дейін азаматтарға дауыс беру уақыты мен орны хабарлануы тиіс.
29 қарашада дауыс беру сағат 7:00-де басталып, 20:00-де аяқталады. Жекелеген учаскелерде дауыс беру уақыты өзгеше болуы мүмкін.
Сайлау нәтижелері 30 қарашадан кешіктірілмей анықталып, қорытындысы 3 желтоқсанға дейін шығарылады. Ал ресми ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында 5 желтоқсаннан кешіктірілмей жариялануы тиіс.
Тағы оқыңыз: Мәслихат сайлауына жұмсалатын қаржы әзірге есептелген жоқ

