Қазақстанда 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына бюджеттен қосымша қаражат қажет болады. Сайлау шығындары Үкімет резервінен қаржыландырылады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник мәслихат сайлауын өткізуге қанша қаржы жұмсалатыны әзірге белгісіз екенін айтты. Нақты сома сайлау комиссияларының өтінімдері негізінде есептеліп, Үкіметтің шешімімен бекітіледі. Оның айтуынша, кезектен тыс сайлауға арналған шығындар биылғы бюджетте алдын ала қарастырылмаған. Сондықтан қажетті қаражат Үкімет резервінен бөлінеді.

Сайлаудың қымбатқа түсуіне бірнеше себеп бар. Ең алдымен, ел бойынша қосымша 3022 округтік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оларға 15 110 адам тартылады. Комиссия мүшелерінің еңбекақысына да қаржы қажет.

Сондай-ақ бір депутаттық орынға бірнеше кандидат үміткер болуы мүмкін. Алдын ала мәлімет бойынша, кейбір округтерде бір мандатқа үштен онға дейін, тіпті одан да көп адам таласуы ықтимал. Тіркелген кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарына да бюджеттен қаражат қарастырылады.

Бұдан бөлек, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға сайлау өтетіндіктен, бюллетеньдердің бірнеше түрін дайындау керек. Оларды басып шығару құны әр өңірдегі тиражға байланысты болады. ОСК өкілінің сөзінше, сайлаушылар санының артуы да шығын көлеміне әсер етеді.

Осылайша, мәслихат сайлауына жұмсалатын қаржының нақты көлемі әзірге анықталған жоқ. Ол барлық қажетті шығын есептелгеннен кейін белгілі болады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да банк карталарын бөгде адамдарға берген 120 шетелдік анықталды

Поделиться:

Shares