Алдағы күндері Солтүстік Қазақстан облысында күн салқындайды. Түнде ауа температурасы нөлден төмен болмақ. Таңертең тұман түсіп, өңірдің солтүстігінде жаңбыр жаууы мүмкін. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлайды.
15 қазан күні түнде облыс бойынша ауа температурасы 1–6 градус аяз болады. Күндіз 5–10 градусқа дейін жылынады. Жауын-шашын күтілмейді. Алайда түнде және таңертең облыстың батысында, солтүстігі мен оңтүстігінде тұман түсуі ықтимал. Жел солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысып, секундына 9–14 метр жылдамдықпен соғады.
«16 қазанда түнде ауа температурасы 0-ден +5 градусқа дейін болады. Ал облыстың оңтүстігі мен шығысында 3 градусқа дейін аяз күтіледі. Күндіз ауа температурасы +8…+13 градусқа дейін көтеріледі», – деді «Қазгидромет» СҚОФ директоры Қымбат Мерғалымова.
Сонымен қатар облыстың солтүстігінде жаңбыр жаууы мүмкін. Түнде және таңертең солтүстік пен шығыста орналасқан аудандарда тұман түсуі ықтимал. Өңірдің батысы мен солтүстігінде жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. 16 қазанда Петропавлда түнде ауа температурасы 0…+2 градус, күндіз +7…+9 градус болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9–14 метрге жетеді. Айтарлықтай жауын-шашын күтілмейді.
Бұған дейін синоптиктер қазан айында Солтүстік Қазақстан облысында күн жылы болады деп болжаған еді. Алайда айдың екінші онкүндігінде ауа райы салқындайды. Түнде ауа температурасы +1…+6 градустан -2…-7 градусқа дейін, ал күндіз +14…+19 градустан +6…+11 градусқа дейін төмендейді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да банк карталарын бөгде адамдарға берген 120 шетелдік анықталды

