Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 120 шетел азаматының банк карталарын үшінші тұлғаларға бергені анықталды. Олардың басым бөлігі Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтары. Арасында Үндістанның бір азаматы да бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, банк карталары интернет-алаяқтық схемаларында пайдаланылуы мүмкін. Дропперлер белгілі бір сыйақы үшін карталарын басқа адамдарға береді немесе шоттарына түскен ақшаны өзге есепшоттарға аударады. Осылайша алаяқтар ақшаның ізін жасыруға тырысады.
Мәселені шешу үшін СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов банк, «Қазақтелеком» және «Қазпошта» өкілдерімен кездесті.
Жиында күмәнді қаржылық операциялар туралы жедел ақпарат алмасу үшін банк қызметкерлері мен полиция арасында WhatsApp тобын құру ұсынылды. Бұл алаяқтардың ықпалымен несие рәсімдеуге келген азаматтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ банктерге шетел азаматтарына карта ашу кезінде қосымша тексеру шараларын енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, клиенттің банк картасын қандай мақсатта рәсімдеп жатқанын нақтылау көзделіп отыр.
Полиция банк картасын немесе шотын сыйақы үшін басқа адамдарға берген азаматтар заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескертеді. Ал алаяқтардан зардап шеккендер келтірілген шығынды азаматтық-құқықтық тәртіппен өндіріп алуға құқылы.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жастар арасында әдеби квиз өтті

