Қозыбаев университетінде Экохаб орталығы ашылды. Мұнда студенттер пластик пен қағазды сұрыптап, қалдықтарды қайта өңдеуді үйренеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Жастар орталық пайдаланылған пластиктен университет брендімен кәдесыйлар да жасайды. Жаңа кеңістік экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды насихаттауға бағытталған Университеттің барлық корпусында пластик пен қағазды бөлек жинауға арналған экобокстар орнатылған. Жиналған қалдықтың бір бөлігі жаңа орталықта өңделсе, қалғаны «Радуга» кәсіпорнына жөнелтіледі.

Экохаб арнайы құрылғылармен жабдықталған. Мұнда қалдықтарды ұсақтап, престеуге болады. Студенттер оқытушылармен бірге қайта өңделген пластиктен брелоктар мен түрлі кәдесыйлар әзірлейді.

«Біз «География және экология» кафедрасымен тығыз әріптестікте жұмыс істейміз. Студенттер бізге өндірістік практикаға келеді. Қазір компаниямыз облыс пен қаланың коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуге қатысып жатыр. Осы бағытта студенттермен бірлесіп жұмыс істеп, болашақта жиналған мәліметтер негізінде дипломдық жобалар жазуды жоспарлап отырмыз», — деді «Радуга» ЖШС атқарушы директоры Петр Шарапаев.

Экохабты ашу бастамасын университеттің «Jasyl Team» экологиялық клубының мүшелері көтерген. Бүгінде ұйым қатарына 200-ге жуық белсенді жас бірігіп отыр. Былтыр олар «3-2-1 Старт!» халықаралық жобасына қатысып, бес миллион теңге грант жеңіп алған. Қаражатқа орталыққа қажетті жабдықтар сатып алынды. Клуб мүшелері апта сайын экологиялық сенбіліктер өткізіп, қоршаған ортаны тазарту жұмыстарына қатысады.

«Орталықтағы құрылғылар студенттерге болашақ кәсіби қызметіне қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл тек экологтар үшін емес, барлық студент үшін маңызды. Мектеп оқушылары да ерте жастан қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу қағидаларын білуі керек. Қоқысты сұрыптау студенттердің күнделікті әдетіне айналуға тиіс», — деді М. Қозыбаев атындағы СҚУ математика және жаратылыстану факультетінің деканы Анна Корнилова.

Жаңа орталыққа мектеп оқушылары да келе алады. Олар үшін ашық сабақтар ұйымдастырылып, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызы түсіндіріледі. Бұл арқылы балалардың бойында табиғатты қорғау дағдысын ерте жастан қалыптастыру көзделген.

Тағы оқыңыз: Петропавлда пробацияда тұрған 300-ге жуық азаматқа көмек көрсетілді

Поделиться:

Shares