Петропавлда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Құқық векторы» атты іс-шара өтті. Жиынның мақсаты – пробация есебінде тұрған азаматтарға құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету, жұмысқа орналасуына жәрдемдесу және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасау, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Іс-шараға 14 мемлекеттік органның өкілдері мен 16 жұмыс беруші қатысты. Мамандар азаматтарға медициналық көмек алу, құжаттарды рәсімдеу және әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша кеңес берді. Ал жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын ұсынып, еңбекке орналасу мүмкіндіктерін таныстырды.

«Статистикаға сүйенсек, азаматтардың көбі Қылмыстық кодекстің 187–188-баптары, яғни ұрлық және 190-бап – алаяқтық бойынша сотталады. Мұндай іс-шаралар қылмыстың қайталануын азайтуға ықпал етеді. Азаматтарды жұмыспен қамтып, әлеуметтік қолдау көрсету арқылы олардың қоғамға бейімделуіне көмектесеміз. Тұрақты жұмысы болып, отбасылық мәселелері шешілсе, адамның қайта құқық бұзу қаупі де төмендейді», – деді Петропавл қалалық прокуратурасының прокуроры Нұржігіт Жұман.

Іс-шара барысында мемлекеттік органдарға 50-ден астам жазбаша өтініш түсті. Бұдан бөлек, азаматтардың 60-қа жуық мәселесі сол жерде қаралды. Жалпы, шара аясында арнайы тізімдегі 300-ге жуық адамға көмек көрсетілді.

Тағы оқыңыз: Петропавлда киберспорттан жеңімпаздар анықталды

Поделиться:

Shares