Қозыбаев университетінде жастар арасында жұқпалы емес аурулардың алдын алуға бағытталған халықаралық бағдарлама бастау алды. «Young Health Programme» жобасы Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Бастама отандық «Just Support» қоры мен британдық-шведтік «AstraZeneca» компаниясының қолдауымен қолға алынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Бағдарлама аясында тараптар меморандумға қол қойды. Оған Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Джейн Аксуорси мен Швецияның Қазақстандағы елшісі Стефан Эрикссон қатысты. Бір жылға жоспарланған жоба жастардың денсаулық туралы сауатын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруды көздейді.

Жоба аясында жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесі ауруларының, қатерлі ісік пен қант диабетінің алдын алуға басымдық беріледі. Сонымен қатар темекі мен алкоголь тұтыну, қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау және ауаның ластануы секілді қауіп факторларына назар аударылады. Студенттерге білім беру шаралары ұйымдастырылып, шетелдік профессорлар дәріс оқуы және жергілікті ғалымдармен тәжірибе алмасуы жоспарланған.

«Ауызша келісім жасалғаннан бері жобаның басы-қасында жүрдік. Бірнеше мәселені шешуге көмектестік. Енді Қозыбаев университетінің студенттері игі бастаманың игілігін көреді деп сенемін», — деді Салли Джейн Аксуорси.

Жобаға халықаралық фармацевтикалық компания да атсалысады. «AstraZeneca» қатерлі ісік ауруларын зерттеу және оларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді әзірлеу бағытында жұмыс істейді. Компанияның Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры Елена Трогованың айтуынша, алдағы уақытта университет оқытушылары мен студенттері дәрі әзірлеуге қатысты зерттеу жұмыстарына қатысуы мүмкін.

«Пандемия кезінде компания коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеп, оны әлемнің түкпір-түкпіріне жеткізді. Өзіміздің ауқымды зертханамыз бар. Бізде әлем мойындаған ғалымдар жұмыс істейді. Алдағы уақытта Қозыбаев университетінің оқытушылары мен студенттері дәрі әзірлеуге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізуі мүмкін. Бәрі уақыт еншісінде», — деді «AstraZeneca» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры Елена Трогова.

Қазіргі таңда Қозыбаев университетінде сегіз мыңнан астам студент 160 білім беру бағдарламасы бойынша оқиды. Биыл оқу орнындағы ғылым саласына бір млрд 300 млн теңге бағытталған.

«Жыл басында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірге Лондонға бардық. Сол кезде компания өкілдерімен кездесіп, жобаны жүзеге асыру бойынша келісімге келдік. Елге оралған соң бастаманы жан-жақты талқыладық. Бізге отандық «Just Support» қоры көмек көрсетеді», — деді университер ректоры Ербол Исақаев.

Алдағы уақытта «Just Support» қоры жобаға 60 млн теңге бөледі. Бұл қаржыға жастарға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып, спорт алаңдарын ашу жоспарланған.

Тағы оқыңыз: СҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы тағайындалды

Поделиться:

Shares