Петропавлда 600-ге жуық педагогтің басын қосқан салтанатты шара өтті. Алқалы жиында 50-ге жуық педагог құрметке бөленді
Петропавлда 600-ге жуық педагогтің басын қосқан салтанатты шара өтті. Алқалы жиында 50-ге жуық педагог құрметке бөленді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Мұғалім — мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин атамыз бекер айтпаған. Себебі, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да ұстаздан тәлім алған. Салтанатты шараға қатысқан аймақ басшысы өз сөзінде ұлы жолды таңдаған ұлағатты жандардың ел дамуына қосып жүрген үлесіне тоқталды.
Петропавлда 600-ге жуық педагогтің басын қосқан салтанатты шара өтті. Алқалы жиында 50-ге жуық педагог құрметке бөленді
«Педагогтер — елдің интеллектуалдық қабілетін қалыптастыратын мемлекеттің басты стратегиялық капиталы. Мұғалім еңбегі — ел болашағына салынған ең маңызды инвестиция. Ұстаздар қай кезде болмасын құрметке лайық», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Шарада Мемлекет басшысының өкімімен төрт солтүстікқазақстандық педагогке «Құрмет» ордені табысталды. Маңызы жоғары марапат алғандардың арасында Жадыра Қаржауова да бар. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының мұғалімі 30 жыл бойы жас ұрпақты қазақ тілі мен әдебиетіне баулып келеді.
«Ұстаз деген- тек қана кәсіп емес, ол нағыз ұлт болашағының тәрбиелеушісі. Ұстаз деген жүректің батырлығы дейді. Педагог шәкіртінің кішкентай жеңісіне қуана білу керек», — деді Жадыра Қаржауова.
Айтулы жиында 50-ге жуық ұстаз құрметке бөленді. Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Айта кету керек, облыста 73 мыңнан астам оқушы білім алады. Оларға 16 мыңға жуық ұстаз тәлім береді.